Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Дархан Қыдырәлі: Egemen-нің 100 жылдығын Алаш қайраткерлерінің мерейтойларымен ұштастырып отырмыз

2019 жылдың 15 қараша 2019 12:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаһандық медиасаладағы басылымның рөлі мен даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға ел газетінде еңбек еткен ардагерлер – елге белгілі қаламгерлер мен тарихшылар қатысуда. Конференцияда сөз бастаған «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бүгінгі шара той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін, тағылым мен тағзымға толы сипатта ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

«Негізінен біз «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығын ел газетінде еңбек еткен Алаш қайраткерлерінің мерейтойларымен ұштастырып отырмыз. Қарағандыдағы Egemen-нің кездесуін Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығымен ұштастырдық. Қостанайда Бейімбет Майлиннің 125 жылдығымен орайластырдық. Сол сияқты біздің мерейтойымыз Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығымен де сабақтаса өтті. Оңтүстікте Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай арнайы шара өткіздік. Батыстағы Бөкей ордасына арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Басқа да шараларымызды Egemen Qazaqstan-да - Еңбекші қазақта – Ұшқында қызмет еткен қайраткерлердің есімдерімен байланыстыруға тырыстық», - деді Дархан Қыдырәлі.




«Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы өз сөзінде Алматыда жуырда үлкен шара өткізіліп, онда «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясы орналасқан, егемендікті елге сүйіншілеген, Әбіш Кекілбаев пен Шерхан Мұртаза қызмет еткен үлкен ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылғанын айтып өтті.

«Кезінде Егеменде қызмет атқарған, дүниеден өткен барлық ағаларымызға арнап, үлкен ас бердік. Оған Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап, бүкіл оқырмандарымыз, тұрақты авторларымыз, ардагерлеріміз қатысты. Көрме ұйымдастырылды. Күні кеше Тараз жерінде тағылымды шара өтті. Бірақ, бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі, біріншіден бұл жерде (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) біздің ардагер ағаларымыз еңбек етеді. Серік ағамыздың (Қирабаев) ел газетінде қызмет атқарғанын білесіздер. Сол секілді біздің басылымда Қойшығара ағамыз тілші болған. Өмірден озып кеткен Ақаң да (Ақселеу Сейдімбек) «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлімін басқарған. Сол секілді көп ағаларымыз газетте қызмет етті», - деді ол.




Дархан Қыдырәлі, «Egemen Qazaqstan» газетінің Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика факультетімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бізде осы факультеттің 13 түлегі қызмет етіп жатыр. Қазіргі таңда газет қызметкерлері едәуір жасарған. Бізде қазір орташа жас – 30. Сондықтан, студенттердің көбі бізде практикадан өтеді. Сонымен қатар, біз өзімізге кадр даярлау мақсатында «Егемен академия» деген атты студенттерге арнайы дәріс ұйымдастырған болатынбыз. Оның тұрақты қатысушылары – осы Еуразия ұлттық университетінің студенттері», - деді Дархан Қыдырәлі.




Конференция барысында Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай ғалым Серік Қирабаевқа, жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлына арнайы мерекелік медаль табыс етті.

Жоғары қарай