Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Дархан Базарбаевтың отбасына қажетті көмек көрсетіледі - министр

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 21:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі қаскөйдің қолынан қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың отбасына қажетті көмек көрсетеді. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиция қызметі өмірге қауіп-қатермен байланысты мамандық. Өкінішке қарай Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қызметтің парызын өтеу барысында 791 қызметкер қаза тауып, 2 510-ы жарақат алды. Солардың бірі ауыр жарақат алса да қарулы қылмыскерді қарусыздандырып ұстаған Дархан Базарбаев еді. Мұндай әрбір өлім қызметкерлеріміздің жақындарына ғана емес, бүкіл Ішкі істер министрлігі үшін зор қайғы. Олардың есімдері Қазақстан полициясының тарихына мәңгі жазылды. Базарбаев Дархан Серікұлының туыстары мен жақындарына шын ниеттен көңіл айтамын. Ішкі істер министрлігі оның отбасына қажетті көмек көрсететін болады», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, Дархан Базарбаевпен бақұлдасу рәсімі 21 қаңтар күні өтеді. Полиция қызметкері Әулиекөл ауданындағы туған ауылы Лаврентьевкада жер қойнына беріледі.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көз жұмған полицей Дархан Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған болатын.

Еске салсақ, Дархан Базарбаев 19 қаңтар күні қызметтік міндетін атқару кезінде қаскөйдің қолынан мерт болды.



Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Оқиға, Заң, ҚР ІІМ,
Жоғары қарай