Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 384.39
EUR 431.71
RUB 6.11
CNY 55.88

Цюрихте Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы таныстырылды

2019 жылдың 30 мамыр 2019 14:02 656

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі және Швейцария Сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстан-Швейцария инвестициялық дөңгелек үстелін өткізді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Бақыт Батыршаев бастаған делегация қатысты. Оның құрамына Шымкент қаласының әкімдігі, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен Қазақстан фермерлер одағының өкілдері кірді.

Швейцария тарапынан банк және қаржылық қызмет, консалтинг, фармацевтика, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс, АКТ, көлік және логистика саласындағы 40-тан астам компания өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның әр түрлі салалардағы инвестициялық мүмкіндіктері туралы, шетелдік инвестицияларды тартуда Қазақстан Үкіметінің жаңа шаралары туралы хабардар етілді. Қазақстандық тау-кен, химия, мұнай-химия, азық-түлік және басқа салалар, сондай-ақ оның дамып келе жатқан транзиттік әлеуеті Швейцария компанияларының қызығушылығын тудырды. Қаржы және банк құрылымдары АХҚО-ның қызметіне ерекше қызығушылық білдірді.

Қазіргі таңда Қазақстанда Glencore, Philipp Morris, ABB, Rieter, Schindler, Bühler, Leica, Nestlé, Roche, Novartis, Syngenta, Ammann Group сияқты 40-қа жуық швейцариялық компания жұмыс істейді.

2005 жылдан 2018 жылға дейінгі Швейцариядан Қазақстанға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 23,2 млрд АҚШ долларын құрады. 2018 жылы тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрап, 2018 жылы екіжақты сауда көлемі 3 млрд. долларға жетті.

ЕО, Ресей, Италия, Қытай, Нидерланды және Франциядан кейін Швейцария Қазақстанның алтыншы ірі сауда әріптесі болып табылады.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстанда жұмыс істейтін Швейцариялық компаниялар іс-шара қатысушыларына өздерінің оң тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстандық делегация жұмыс сапары барысында инвестициялық ынтымақтастықты талқылау мақсатымен Swissport International Ltd., Burkhard Compression және Stadler Rail CIS (Штадлер ТМД) компаниялары өкілдерімен кездесулер өткізді.

 

 

Жоғары қарай