Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

Цифрландыру бағытында толық қаржыландыруға екпін қою керек - Нұрлан Бекназаров

2019 жылдың 6 маусым 2019 18:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекназаров цифрландыру бағдарламасын толық қаржыландыру мәселесін назарға алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы кездері өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша назар аударылып отырғаны белгілі. Осы бағыттағы бағдарламаларды іске асыруға республикалық бюджеттен жыл сайын айтарлықтай қаражат бөлінеді. Дегенмен бұл қаржыны тиімді пайдалануда үнемі кемшіліктерге жол беріледі. Соның салдарынан ел экономикасының өркендеуіне қатысты индикаторлар жыл қорытындысы бойынша әлі де қажеті жоғары межелерге қол жеткізбей келетінін атап өткім келеді», - деді Н. Бекназаров.

Оның сөзіне қарағанда, бюджет қаражатын нәтижелі игеруге бағытталған жүйелі әрі кешенді жоспарлау жұмыстарының қажетті деңгейде жүргізілмеуінен, әзірленген және сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамалардың іске асуы тиісті деңгейде емес.

«Қазіргі уақытта азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Парламент тарапынан бірнеше заңдар қабылданды. Алайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болып қала береді. Осыған байланысты алдағы уақытта республикалық бюджетті қарау барысында құқық қорғау органдарын және сот жүйесін цифрландыру бағдарламасын толық қаржыландыру мәселесін назарға алуды ұсынамын», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды.

Айта кетейік, депутат Ерболат Мұқаев тиімсіз квазимемлекеттік секторындағы мекемелердің жұмысын қайта қарастыру қажеттігін жеткізді.

Өз кезегінде сенатор Әлімжан Құртаев бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау әрі тиімсіз пайдалану үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту керектігін атап өтті.

Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Сенат, Қаржы, Экономика,
Жоғары қарай