Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Бурабайда оннан астам елдің жас ғалымдары бас қосуда

2019 жылдың 7 тамыз 2019 22:25

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының ұйымдастыруымен III халықаралық «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» жас ғалымдар халықаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға елімізден бөлек, Армения, Беларусь, Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Франция елдерінен келген жас ғалымдар қатысып, инновациялық технологиялар, ғылымның дамуы, жас ғалымдарға жобаларын іске асыруға қалай көмектесуге болатыны жөнінде пікір алмасуда.







«Мұндай форумдардың жиі өткізіліп тұрғаны қажет. Әсіресе, жас ғалымдар үшін пайдасы зор. Жас ғалымдар мұнда пікір алмасып қана қоймай, ой бөлісіп, ғылым саласындағы түйткілді мәселелерді, тың тақырыптарды талқылай алады. Сол жағынан алғанда форумның берері мол», дейді армениялық жас ғалым Геворг Варданян.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Роговтың айтуынша, жоба 3 жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Осы аралықта Қазақстан мен көрші шетелдердегі жоғары оқу орындарының арасындағы іскерлік қарым-қатынас нығая түскен.

Форум «Жаңа функционалдық материалдар және технологиялар», «Қазақстан Еуразияның әлеуметтік-саяси және тарихи мәдени кеңістігінде», «Маркетинг пен логистикадағы Digital-технологиялар: «XXI ғасырдағы агроөнеркәсіп кешені: ғылым және инновациялар», «Жүйелік медицина – медицинаның, денсаулық сақтаудың және әлеуметтік қамтамасыз етудің мультипликативтік дамуы» секциялары бойынша өтуде.

Сондай-ақ, пленарлық отырыс, дөңгелек үстелдер, тренинг-әңгімелесу, форсайталаңдар, нетворкинг-сессиялар, «Менің табыс тарихым» уәждемелік кездесулер, интерактивтік семинарлар, ғылым және білімнің әртүрлі бағыттарының базалық трендтерін насихаттау бойынша тренингтер қарастырылған.

Форумның жұмысына ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Әділет министрі Марат Бекетаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова қатысады деп жоспарланған.

Тамыздың 9-да форум жұмысы қорытындыланып, қарар қабылданады.


Перевод Аслан Оспанов
Басты сөздер: Ғылым, Ақмола облысы,
Жоғары қарай