Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Бүгін - Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей және Шерхан Мұртазаның туған күні

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 09:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 28 қыркүйек - қазақтың заңғар үш жазушысы Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні.

Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ғылым кайраткері Мұхтар Әуезов өзінен кейінгі қазақ жазушыларының ұстазы деуге болады. Жиырмасыншы жылдардың өзінде жазушы Семей, Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көрген журналдар мен басылымдарда әңгіме-повестерін жарыққа шығарған. 1926 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасымен Қызылорда қаласында қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығын ашқан да Мұхаң еді.

Заңғар жазушы театрдың жетекші авторларының бірі ретінде төл пьесаларымен ғана емес («Түнгі сарын», «Тас түлек», «Шекарада», «Айман-Шолпан»), орыс, шетел, советтік классика үлгілерін де аударған. Шекспирдің «Отелло», Гогольдің «Ревизор», Треневтің «Любовь Яровая», Погодиннің «Ақсүйектер» драмалары қазаққа Әуезовтің қаламы арқылы жол тартты. Қырқыншы жылға дейін Соболевпен бірге жазған «Абай» трагедиясы толыққанды «Абай жолы» эпопеясына барар жолдағы шешуші кезең болатын. Эпопеяның алғашқы қос кітабы «Абай» романдары 1949 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығымен бағаланса, кейінгі қос томы «Абай жолы» 1952-1956 жылдары жазылып, жалпы эпопеяға 1959 жылы Ленин сыйлығы берілді.

Ал «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей тірі болса бүгін 76 жасқа толар еді. Алтайдың көркем бейнесін туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда Оралхан «...жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде...» ел есінде қалды. Еңбек жолын 1965-1968 жылы Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор болып бастап, облыстық «Коммунизм туында» әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті. Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді.

Халқы «Шер-аға» деп білетін Шерхан Мұртаза да осы күні дүниеге келген екен. Жазушының кіндік кескен жері – Жамбыл облысының Жуалы ауданы. Шерхан Мұртаза 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.

Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз. Шер-аға бір жылдары Қазақстан Pеспубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып, ел көкейіндегі ең өзекті мәселелерді биік мінберлерден жасқанбай айтқан.

Бір күнде туған Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің ағалық-інілік сыйластығы барша қазаққа үлгі бола алады. Қазақтың шоқтығы биік жазушыларының сыйластығы қаншалықты ыстық болғанын Шерхан Мұртаза алпыс жасқа толған кезде Оралхан Бөкейдің жазған мына бір екі абзац хатынан-ақ аңғаруға болады.

«Аға! Мен сізді ешқашан аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім. Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» (1992ж.).

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Әдебиет, Мәдениет,
Жоғары қарай