Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Бүгін футболдан еурокубок ойындарының жеребесі тартылады

2019 жылдың 18 маусым 2019 13:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы ойындарының жеребесі тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, биыл еурокубок ойындарында еліміздің атынан төрт команда сынға түседі. Чемпиондар лигасында Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасы ел намысын қорғайды. Ал Еуропа лигасында Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары жасыл алаңға шығады.

«Астана» өз ойындарын бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Елордалық клубқа қарсылас болуы мүмкін бес команда белгілі болып отыр. Олардың қатарында Литваның «Судува», Румынияның ЧФР Клуж, Венгрияның «Ференцварош», Эстонияның «Ньемме Калью» және Арменияның «Арарат-Армения» командалары бар.

Бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары 9, 10 шілде күндері болса, қарымта кездесу 16, 17 шілдеде өткізіледі.

Айта кетелік, «Астана» біздің еліміздің атынан бесінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түсіп келеді. Мәселен, 2015/2016 жылғы кезеңде аталмыш турнирдің топтық кезеңіне дейін жетті. Одан кейінгі үш жылда екі мәрте үшінші іріктеу кезеңінен аса алмаса, бір мәрте плей-офф кезеңіне дейін барды. Нәтижесінде оларға соңғы үш жылда Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік берілді. Одан сүрінбей еткен елордалықтар топтық кезеңінде ел намысын қорғады. Ал 2016/2017 жылғы кезеңде жарыстың 1/16 финалына дейін жетті.

«Қайрат» 2005/2006 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінен аса алмаса, Еуропа лигасына биыл сегізінші мәрте қатысады.

«Ордабасы» командасы УЕФА Еуропа лигасында тұңғыш рет 2012/2013 жылдарда сынға түссе, 2015 жылдан бастап аталмыш турнирге қатарынан үш мәрте қатысты. 2017 жылы ел біріншілігінде үшінші орын алған еді. Дегенмен былтыр аталмыш турнирге қатысу мүмкіндігінен шет қалып қойды. Орнына Қостанайдың «Тобыл» командасы қатысты.

Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасында жетінші мәрте бақ сынайды. Айта кетерлігі, «Тобыл» 2011/2012 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінен әріге аса алған жоқ.

Биылғы Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің ойындары 11 және 18 шілде күндері өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, жеребе тарту рәсімі бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18.30-да басталады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай