Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Брюссель музейіне «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясы тапсырылды

2019 жылдың 17 маусым 2019 22:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Брюссельдегі Музыкалық аспаптар музейіне «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясын сыйға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СІМ ақпаратына сәйкес, Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Брюссельдегі Музыкалық аспаптар мұражайының бас директоры Александра де Портермен және Топтамалар басқармасының бастығы Саския Уиллартпен кездесті.

А.Құспан қазақтың музыкалық қазынасы - күй туралы кеңінен әңгімеледі. Домбыра, қобыз, сылдырмақ және басқа да қазақ аспаптары жүздесудің жеке тақырыбы болды. Елші Абай, Біржан, Жамбыл, Ықылас, Дина және тағы басқа ақындар мен композиторлар ойнаған қазақ аспаптарының үздік үлгілері Алматыдағы Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар мұражайында жиналғанын айтты.

Дипломат Брюссель мұражайының басшылығына 2011 жылы «Мәдени мұра» ұлттық жобасының аясында шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясын сыйға тартты.

Бельгиялық мұражайшылар қазақ музыкалық мәдениетіне үлкен қызығушылық танытты және Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар мұражайымен ынтымақтасуға әзірлігін білдірді. Арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында Елшіге қазақ ұлттық аспаптарын Брюссель мұражайына қою ұсынысы айтылды.

«Бельгиялық тарап цифрландыру саласындағы тәжірибемен бөлісуге дайын. Мұражайдың жалпыға қол жетімді Carmentis дерекқорында музыкалық аспаптар туралы барлық мәліметтер бар. Сонымен қатар, әлемнің көптеген мұражайларының коллекцияларын ұсынатын музыкалық аспаптардың «MIMO» халықаралық дерекқоры қызмет етуде», - делінген СІМ мәліметінде.

Брюссельдің Музыкалық аспаптар мұражайы 1876 жылы құрылған және Бельгия корольдігінің тарихи және өнер мұражайларының құрамына кіреді. Мұражай қорында Бельгияның және әлемнің басқа да елдерінің 1100 музыкалық аспабы бар. Бұл әлемдегі ең ірі және бай коллекциялардың бірі болып табылады.

Жоғары қарай