Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Брюссельде Еуропа мен Азияның қарым-қатынас мәселелері талқыланды

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 22:54

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Жұма күні Брюссельде Еуропалық Одақтың Еуропа мен Азияның байланыстарын кеңейту жөніндегі Стратегиясы бекітілген соң 1 жылдан кейін Еуропалық өзара ықпалдастық форумы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еуропалық комиссия ұйымдастырған шараға Финляндия, Хорватия, Жапония премьер-министрлері мен Еуропалық инвестициялық банк пен Азиялық даму банкінің басшыларын қосқанда 500-ден астам делегат қатысты.

Жоғары деңгейдегі форум барысында Қазақстанның атынан Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребаев қатысты. Ол «Өзара байланыс геосаясаты» панельдік пікірталасына қатысты. Онда сөйлеген сөзінде М.Жүребеков: «Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналаса отырып, Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір іспеттес және оны айналып өту қиын»,-деді.

ҚР көпвекторлы сыртқы саясаты мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі туралы айта келе, ол еліміздің осы уақытта жүзеге асырып жатқан бағдарламалары арқылы ЕО-пен ықпалдасуға дайын екенін жеткізді.

«Мысалы біздің ұлттық инфрақұрылымдық жобамыз «Бір белдеу-бір жол» атты үлкен өңірлік бастаманың бөлігі болып табылады. Бұл жобаны 122 мемлекет қолдап отыр, оның 8-і еуропалық мемлекеттер»,-деді М.Жүребеков.

«Біз қазір жүзеге асып жатқан бағдарламаларға бәсекелес болатын бастамалар мен стратегияларды қолдамаймыз»,-деп қосты ол.

Энергетика вице-министрі «жасыл энергетика» саласына назар аударып, Еуропа мен Азияның өзара ықпалдастығы бойынша ЕО-тың Стратегиясын жүзеге асыру барысында адам капиталына инвестиция салуға шақырды.

«Біз Еуропа мен Азия арасындағы транзит мемлекет қана емес, ЕО Стратегиясының ажырамас бөлігі болғымыз келеді. Яғни, бз цифрландыру, модернизация және стандарттау саласында дамыған ел болғанды қалаймыз»,-деді қазақстандық шенеунік.

Айта кетейік, Еуропа мен Азия арасындағы жылдық сауда көлем 1,5 трлн еуроға жетіп отыр. Ал Еуразияның әлемдік Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 60 пайыз.

Еуропалық өзара ықпалдастық форумының аясында ЕО мен Жапония көлік, энергетика және цифрландыру бағытындағы жобалар бойынша Еуропа мен Азияның байланысын үйлестіру үшін инфрақұрылымдық келісімге қол қойды.

Тимур Дүйсекеев

Жоғары қарай