Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Болгариядағы турнирде 5 қазақстандық боксшы «алтын» үшін таласады

2019 жылдың 19 ақпан 2019 10:15 1974

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан «Странджа» халықаралық турнирінде бес қазақстандық боксшы финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстаннан жартылай финалға бес боксшы шықса, солардың бәрі түгелдей қарсыластарын жеңді.

Қазақстанның бес дүркін чемпионы Теміртас Жүсіпов (49 кг) бразилиялық Леандро Хосе Бланкты айқын басымдылықпен ұтты. 60 кг салмақта Зәкір Сафиуллин өзбекстандық Шункор Абдурасуловты тізе бүктірді.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас боксшы Санатәлі Төлтаев (64 кг) тартысты бәсекеде бразилиялық Вандерсон Оливейраны қапы алдырды. «Қазақтардың өз салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов украиналық Евгений Барабановты 5:0 есебімен жерге қаратты. 91 кг салмақта Василий Левит тағы бір бразилиялық Абнер Жуниордан айласын асырды.

Осылайша қазақстандық бес боксшы алтын жүлде үшін таласады.  Финалда Қазақстаннан бес, Ресей мен Өзбекстаннан төрт боксшыдан рингке шығады. Бұл жөнінен Қазақстан құрамасы алда тұр.

Сонымен, бүгін финалда Теміртас Жүсіпов пен үндістандық Амит (49 кг), Зәкір Сафиуллин мен ресейлік Артур Субханкулов (60 кг), Санатәлі Төлтаев пен ресейлік Алексей Мазур (64 кг), Абылайхан Жүсіпов пен өзбекстандық Бобо-Усмон Ботуров (69 кг) және Василий Левит пен тағы бір ресейлік Садам Магомедов (91 кг) бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын алты қазақстандық боксшының ширек, кейін бесеуінің жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

 

Фото: kfb.kz

 

 

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай