Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары БҰҰ штаб-пәтерімен танысты

2019 жылдың 1 желтоқсан 2019 07:43

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Нью-Йорктің жетекші университеттерінде оқитын «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарына арнап БҰҰ штаб-пәтерімен таныстыру іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған.

Колумбия және Нью-Йорк университеттерінің қазақстандық магистранттары БҰҰ Бас Ассамблеясының, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің залдарында, конференциялар ғимаратында болды, сондай-ақ 1997 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйға берген «Алтын адамның» көшірмесін көрді.

«Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде «болашақтықтармен» кездесу барысында елші Қайрат Омаров қазақстандық дипломаттардың БҰҰ-дағы жұмысының ерекшеліктері, Н.Назарбаев ұсынған Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберіндегі негізгі халықаралық бастамалар, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы, Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексін ұсыну, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні және тағы басқалары туралы айтып берді», делінген хабарламада.




Ол сонымен қатар БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, адам құқықтарын қорғау, экономикалық және әлеуметтік прогреске атсалысу бойынша қазіргі кездегі рөлі туралы өз ойымен бөлісті.

Елші Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдардағы жұмысының негізгі басымдықтары туралы айтып, магистранттардың сұрақтарына жауап берді.

«Біз аймағымыздан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланған алғашқы мемлекет болдық, және бүгінде Қазақстанның халықаралық беделі әлемдік аренада еліміздің мүдделерін әрқашан нық және шебер қорғап келген Елбасының көреген бастамалары мен дипломатиялық күш-жігерінің арқасында айтарлықтай өсті. Бүгінде бұл біздің дипломаттарымыздың БҰҰ-дағы жұмысын едәуір жеңілдетіп отыр», - деді Қ.Омаров.

Кездесуге қатысушылар арасында халықаралық қатынастар және әлемдік саясат, мемлекеттік басқару, PR және корпоративтік коммуникациялар, журналистика және білім берудегі сандық медиа салаларындағы болашақ мамандар болды.

Еске сала кетсек, таяуда биылғы «Болашақ» стипендиаттарының тізімі жарияланған еді.

Жоғары қарай