Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Бокстан Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңі қашан басталады

2019 жылдың 20 маусым 2019 09:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық Олимпиада комитеті бокстан 2020 жылы өтетін Токио-2020 Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі өтетін мерзімді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті ХОК мәлімдесіне сәйкес, 2020 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Азия/Мұхит елдері аймағында іріктеу сыны өтетінін, Қазақстан осы аймаққа енетінін атап өтті.

Сондай-ақ, таратылған ақпарат көзінде келесі жылдың мамыр айында өтетін әлем чемпионатында Қазақстан былғары қолғап шеберлеріне жолдама иеленуге толық мүмкіндік бар. Жалпы алғанда, боксшылар үшін алдағы жылы Токио ойындарына жолдама тарататын төрт турнир ұйымдастырылады. Жарысты қабылдайтын қалалар алдағы уақытта анықталмақ.

ХОК бокстан Олимпиада бағдарламасына енетін салмақ дәрежелерін де анықтады. Нақтылап айтар болсақ, Токио Олимпиадасында ерлер 8, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

Ерлер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 52, 57, 63, 69, 75, 81, 91 және +91 келі.

Әйелдер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 51, 57, 60, 69 және 75 келіге дейін.

Естеріңізге сала кетейік, ерлер арасында қазақ боксшылары Олимпиада ойындарында қазірге дейін 7 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль, жалпы 17 медаль ал әйелдер 2 медаль еншіледі.

Айталық, Атланта олимпиадасында (1996) боксшыларымыздан Василий Жиров 81 келі салмақта чемпион атанса, Болат Жұмаділов 51 келі салмақта күміс жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, Болат Ниязымбетов 63 келі салмақта, Ермахан Ыбрайымов 71 келі салмақта қола жүлдені олжалады.

Сидней олимпиадасында (2000) Бекзат Саттарханов 57 келі салмақта, Ермахан Ыбрайымов 71 келі салмақта чемпион атанды. Сондай-ақ, Болат Жұмаділов 51 келі салмақта, Мұхтархан Ділдәбеков +91 келі салмақта күміс жүлдегер атанды.

Афины олимпиадасында (2004) 69 келіде Бақтияр Артаев чемпион болса, Геннадий Головкин 75 келі салмақта күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал Серік Елеуов 60 келі салмақта қола жүлдені қанағат ұтты.

Бейжің олимпиадасында (2008) 2008 жылы 69 келі салмақта Бақыт Сәрсекбаев бокстан алтын алса, Еркебұлан Шыналиев 81 келі салмақта қола жүлдені жеңіп алды.

Лондон олимпиадасында (2012) Серік Сәпиев 69 келі салмақта алтын, 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов күміс жүлде, Иван Дычко +91 келіде қола медалді қанжығасына байлады.

Ал соңғы Рио-де Жанейро олимпиадасында 69 келі салмақта Данияр Елеусінов чемпион атанса, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Василий Левит (келі) күміс медаль жеңіп алды. Ал Дычко Лондондағы жетістігін қайталап, екінші мәрте қола медаль иегері атанды.

Бокстан қыздар арасында Олимпиада ойындарында әзірге екі қола медаліміз бар. Оның бірін Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиада ойындарында Марина Вольнова жеңіп алса, екінші қола медадь қазақ қызы Дариға Шәкімованың еншісінде. Ол Рио-де Жанейро олимпиадасында 75 келі салмақта жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінген болатын.

Автор Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт, Олимпиада, Бокс,
Жоғары қарай