Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 402.37
EUR 449.81
RUB 5.86
CNY 56.67

Блокбекетті жасырын айналып өткен 21 жастағы ақтөбелік қамалды

2020 жылдың 1 сәуір 2020 20:55

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде төтенше жағдай режимін бұзған 77 дерек тіркелді. 21 жастағы жүргізуші ата-анасына бару үшін блокбекетті айналып өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік полицейлер тәулік бойы қала мен облыс аумағына кіріп, шығатын жолдағы блокбекеттерде кезекшілік қойды. Өңірде 28 блокбекет болса, оның жетеуі Ақтөбе қаласының айналасына койылған.

«Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және медицина қызметкерлерімен бірге жұмыс ісдейді. 31 наурыздан бастап бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес Ақтөбе облысы ерекше тәртіпке көшті. Басқа аймаққа шығу және кіру жолдары жабылды. Тек транзиттік көліктер жүре алады. Әрі қоғамдық орындарда патрульдік полицияның жұмыстары күшейтілді. Есепте тұрған адамдармен алдын алу шарасы жүргізілді», - деді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Айта кетейік, «Самара-Шымкент» тасжолындағы бір блокпост арқылы тәулік сайын 2 мыңға жуық автокөлік өтеді. Негізінде полиция қызметкерлері транзиттік жүк көліктерін, азық-түлік, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдайтындарды өткізеді, өзгесіне аумақ жабық. Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері 1 тәртіп бұзушылық фактісін анықтады. 31 наурыз күні қала сыртына айналмалы жолмен шықпақ болған 21 жастағы азаматты Алға ауданындағы блокбекетте ұстады. Ол Ақтөбеден шығып, Қандыағаш қаласындағы ата-анасына бармақ болды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ақтөбелік сот шешімімен 5 тәулікке қамалды.

«Полиция қызметкерлері 77 құқық бұзу дерегін анықтады. ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша 69 дерек, «Төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер» бабы бойынша 8 факті анықталды. Қарғалы ауданының Бадамша ауылында жергілікті дәмхананың әкімшісі әкімшілік жауапқа тартылды. Дәмхана сағат 22:00-де жұмысын тоқтатпаған. ӘҚБтК 476-бабы бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


Жоғары қарай