Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 360.12
EUR 409.67
RUB 5.33
CNY 52.34

БҚО-да жол апатынан қаза тапқандар саны екі есе артқан

2018 жылдың 5 мамыр 2018 21:56 1006

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан қаза тапқандар саны екі еседен астамға көбейіп отыр. Бұл туралы БҚО ішкі істер департаментінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 15,7 пайызға (89-дан 75-ке дейін) және соның салдарынан жарақат алғандар 12,4 пайызға (105-тен 92-ге дейін) төмендегеніне қарамастан, қаза тапқандар 2 еседен астамға (11-ден 23-ке дейін) өсіп кетіп отыр.

Талдау көрсеткеніндей, адам өліміне соқтырған жол апаттарының көпшілігі жылдамдықты шектен тыс арттыру салдарынан болып отыр. Бұрын жол нашар болса, соңғы жылдары оның сапасы бірте-бірте жақсарып келеді. Тақтайдай тегіс жолда жүргізушілер тәртіпті жиі бұзатын болды. Тек биылғы төрт айдың өзінде жылдамдықты шектен тыс арттыру бойынша 6 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген, бұл өткен жылғыдан 1,5 есеге (3813-тен 6204-ке жеткен) көп. Барлығы төрт айда 31906 жол ережесін бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылғыдан (28052) 13,7 пайызға артық.

Сол сияқты жол апаттарының жиілеуіне автокөліктің көбеюі, әсіресе, жастар арасында қарапайым жүргізушілік дағдының болмауы және басқа себептер әсер етуде. 

«Осыған байланысты ішкі істер департаменті басшылығы 5 мамыр - 5 маусым аралығында облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында айлық жариялады. Айлық барысында «Жылдамдық», «Жаяу жүргінші», «Арнайы белгі», «Мас жүргізуші», «Мотоцикл» секілді жедел алдын алу шаралары өткізілетін болады», деді М.Ғабдуллин.

Еске сала кетейік, жол-көлік оқиғалары мамыр айы басталғаннан бері де тыйылар емес. Мысалы, 2 мамыр күні Ақжайық ауданы аумағында автобус пен жүк көлігінің бетпе-бет түйісуінен қос бірдей жүргізуші қаза тапса, тағы біреуінің ауыр жарақат алғанын жазған болатынбыз. Одан кейін 4 мамырда Орал қаласында «Лада Приора» автокөлігі қыз баланы, бүгін жүк көлігі жасөспірімді қағып кетті.

 

 

Жоғары қарай