Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 339.95
EUR 392.64
RUB 5.30
CNY 52.51

БҚО-да тұрғынның қора-қопсысы мен малы өртеніп кетті

2018 жылдың 14 қаңтар 2018 15:13 1818

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөкей ордасы ауданында өрт оқиғасынан бір үйдің малы мен қора-қопсысы өртеніп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бақтияр Катчековтің айтуынша, Саралжын ауылында С.Датұлы көшесіндегі №3/1 мекенжайындағы өрт салдарынан 5 бас ірі қара мен жиырма шақты ұсақ мал және 70 бума шөбі отқа оранған.

Саралжын ауылдық округінің әкімі Нүркен Сабыровтың сөзіне қарағанда, мал иесінің қазір 4 баспағы, 5-6 қойы ғана қалды. Оған көршісі қора-қопсысынан орын беріп, шөптен көмектесуде. Шаруа қожалықтары мен елдің азаматтары да қолұшын созатын болады.

«Өрт оқиғасына байланысты зертханаға сынама алынды, сарапшы маман да келетін болады. Сондай-ақ аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тергеу шараларын жүргізуде. Өткен жылдың 25 қарашасында осы ауылда 6-7 бума шөп өртенген болатын. Сондықтан бұл қасақана қойылған от па, соның бәрі анықталуда», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Сабыров.

Еске сала кетейік, өткен жылы жазда даладағы өрт салдарынан осы ауданға қарасты Сайқын ауылдық округінде 25 бас ірі қара және 250 орама, 1,5 мың тайлап буылған шөп жанып кеткен болатын. Табиғи өрттің көбеюіне байланысты сол кезде аталмыш округте төтенше жағдай жарияланған еді.

Иллюстрациялық фото

 

 

Жоғары қарай