Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 366.43
EUR 420.11
RUB 5.58
CNY 52.87

БҚО-да Тақсай ханшайымының кесенесі ашылды

2018 жылдың 12 қазан 2018 17:38 844

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тақсай ханшайымының кесенесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теректі ауданы Долинный ауылы маңында орналасқан Тақсай кешені - БҚО-дан Қазақстанның киелі орындары қатарына енгізілген жеті нысанның бірі.

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы қазба жұмыстарын жүргізген кезде бұл жерден бес бірдей қорған (оба) табылған болатын. Осы жұмысқа жетекшілік еткен аталмыш орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың айтуынша, мұндағы ең басты жаңалық кейін «Алтын ханшайым» болып аталған, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнының анықталуы еді. Жасы 35-40-тардағы әйелдің қабірінен көптеген алтын бұйымдар табылып, оның жалпы салмағы 3 келіге жуықтады. Тіпті көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. «Алтын ханшайыммен» бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Алтын бұйымдармен бірге қола айна, тұмарлардың табылуы оның сарматтың абыз әйелі екендігін танытады.


null 

Тақсай қорған кешенінен табылған «Алтын ханшайымды» зерттеуге шетелдік мамандар да қатысып, қалпына келтіру ісімен  қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысты. Содан кейін «Алтын ханшайым» Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейіне  қойылды.

Жергілікті меценаттардың қолдауымен тұрғызылған ақ шаңқан кесененің биіктігі - 7 метр, ені - 4 метр.


null 

Кесененің ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысып, Тақсай ханшайымы кесенесінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың бірі екендігін, ел тарихын танудағы мұндай істердің алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. 



null 

 

Жоғары қарай