Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 386.05
EUR 428.25
RUB 5.84
CNY 54.65

БҚО-да киік мүйізін шекарадан алып өтпек болған өзбекстандық сотталды

2019 жылдың 4 шілде 2019 20:40 972

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында киік мүйізін шекара арқылы алып өтпек болған өзбекстандық азамат сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бәйтерек аудандық №2 соты өзбекстандық азамат Х-ға қатысты қылмыстық іске нүкте қойды. Аталған азамат ҚР ҚК 339-бабына (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес айыпты деп танылды.

Сот талқысында белгілі болғандай, өзбекстандық азамат 148 дана киік мүйізін заңсыз иеленіп, шекара бекеті арқылы Қазақстан аумағынан алып кетпек болған. Сол жерде шекарашылардың қолына түскен.

Сот үкімімен сотталушыға 500 АЕК көлемінде 1 262,5 мың теңге айыппұл салынды. Алайда оның қамауда отырған мерзімі есептеліп, айыппұл мөлшері 717,1 мың теңгеге азайтылды. Сөйтіп 545,4 мың теңге айыппұл белгіленді. Сотталушы аталған соманы үкім заңды күшіне енгенге дейін өз еркімен төледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да заңсыз киік аулаумен айналысқан тұрғындар ұсталған болатын. 

 

Жоғары қарай