Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

БҚО-да аудан әкімінің орынбасары қызметтік көлігімен моншаға барған

2019 жылдың 26 сәуір 2019 21:51

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша әдеп кеңесінің кезекті отырысында бірнеше лауазымды қызметкердің тәртіптік ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әдеп кеңесі хатшылығынан түскен мәліметке қарағанда, алдымен қызметтік автокөлігін қызметтен тыс уақытта, жеке мақсатта пайдаланған Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожиннің ісі талқыға салынды.

Атап айтқанда, Ж.Нұрғожин 7 сәуір, жексенбі күні кешкісін қызметтік көлігімен моншаға барған. Мұны «Facebook» әлеуметтік желісінің қолданушысы видеоға түсіріп, өз парақшасына жариялағаннан кейін мәселе қызу талқыланған болатын.

Әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны үшін Ж.Нұрғожинге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Жаңақала ауданы әкіміне ұсыныс жасалды.

Сол секілді Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің басшысы Елжас Қадыровтың қызметтік автокөлігін оның отбасы мүшелері жеке мақсатта пайдаланғаны жөнінде де әлеуметтік желі арқылы таралған болатын.

Осының алдында автокөлікке тиісінше бақылау жүргізбегені үшін аудан әкімінің өкімімен Е.Қадыровқа қатаң сөгіс түріндегі жаза берілгені ескеріліп, бұл істі тоқтату жөнінде шешім қабылданды.

Теректі ауданы Шаған ауылдық округінің әкімі Жандос Нығметов әдеп қағидаларын сақтамай, қарауындағы қызметкерге дауыс көтерген. Дегенмен ол келесі күні округ әкімі аппараты қызметкерлерінен кешірім сұраған.

Бұл лауазымды қызметкерге де сәуір айында ескерту түріндегі жаза қолданылғаны ескеріліп, тәртіптік іс тоқтатылды.

Жоғары қарай