Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 360.87
EUR 410.27
RUB 5.40
CNY 52.31

БҚО-да 4 мыңға жуық түлек ҰБТ-ға қатыспақшы

2018 жылдың 14 маусым 2018 17:20 655

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында 4 мыңға жуық түлек ҰБТ-ға қатыспақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім еткеніндей, биыл өңірде 5192 түлек мектеп бітірсе, соның 3748-і немесе 72 пайызы сынақ тапсыруға тілек білдірді.

Өткен жылы 4422 жастың 3036-сы немесе 68,6 пайызы ҰБТ-ға қатысқан еді. Яғни түлектер саны өткен жылғыдан көбейіп отыр.

Биыл елімізде ҰБТ 15-інші рет ұйымдастырылып отырса, 2017 жылдан бастап алдымен қорытынды аттестаттау өткізіліп келеді. Қорытынды аттестаттау - мектеп бітіру емтихандары 29 мамыр - 9 маусым аралығында өтті.

«Жоғары оқу орнына түсуге арналған сынақ ретінде ҰБТ облыс бойынша Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым аудандары орталығында және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде орын тепкен 9 тестілеу пунктінде өтеді. Биыл тестілеу күндері 20, 21 және 22 маусымға белгіленіп отыр», деді Ш.Қадырова. 

Тестілеу бес пәннен тұрады, оның үшеуі - міндетті, екеуі - таңдаған мамандығына сәйкес пәндер. Тест тапсырмалары 120 сұрақтан тұрады. Ең жоғары балл - 140, шекті балл - 50.

Айта кетейік, облыста ҰБТ-ны ұйымдастыруға барлығы 7,582 млн теңге бөлінсе, соның 4,080 млн теңгесі тамақтануға, 1,067 млн теңгесі түлектердің қонуына, 2,433 млн теңгесі тасымалдауға жұмсалмақшы.

 

 

 

Жоғары қарай