Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 376.16
EUR 406.18
RUB 5.90
CNY 53.60

Бизнестің ғылыми-зерттеу жұмыстары субсидияланады - министр

2019 жылдың 27 желтоқсан 2019 18:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұқым, тыңайтқыш пен өсімдіктерді қорғау құралдары құнының бір бөлігін арзандатуға бағытталған базалық субсидиялар сақталады. Бұл туралы Сенатта депутаттармен кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз тиімсіз субсидиялардан бас тартып, нәтижеге бағдарланған субсидияларға көшу арқылы қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынамыз. Мұнда, айта кетерлігі, барлық өзгерістер бұдан бұрын қабылданған Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, бұл құжатта әуел баста-ақ өсімдік шаруашылығында 2019 жылдан бастап, мал шаруашылығында 2020 жылдан бастап тауарлық-спецификалық субсидиялардан арылу көзделген болатын. Көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың арқасында саланың инвестициялық тартымдылығы өсуде, бұл бізге негізгі капиталға инвестиция тарту жөніндегі нысаналы индикаторларды орындауға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні жалпы сомасы 4,4 трлн теңгеге 113 инвестициялық жоба пысықтау және іске асыру сатысында тұр.

Осы орайда тиісті мемлекеттік қолдау өлшемшарттары белгіленетін болады.

«Біріншіден, өсімдік шаруашылығында түсімділіктің артуына көптеген факторлар баршасы жиналып та, жеке-жеке де әсер етеді. Осыған сүйене отырып, біз тұқым, тыңайтқыш пен өсімдіктерді қорғау құралдары құнының бір бөлігін арзандатуға бағытталған базалық субсидияларды қалдырамыз. Мысалы, егер шаруашылық тыңайтқыш қолданса, сапалы тұқым сатып алса, уақтылы химиялық өңдеу жүргізсе - түсімділік ең кем дегенде гектарына 7-8 центнерге жоғары болады. Бұл жерде ғылым мен бизнестің күш-жігерін біріктіру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, ғылымның бизнеске бағдарлануы маңызды. Өйткені не себу керек, қандай технологиямен және қандай мерзімдерде егу қажет екеніне тек ғылым ғана жауап беріп, бизнестің көмекшісіне айналуы тиіс», - деді С. Омаров.

Келер жылдан бастап бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жұмсаған шығындары субсидияланатынын айта кеткен жөн.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер дайындалғанын айтты.

Жоғары қарай