Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Біз біргеміз: Қостанай облысында 3,5 мың адам көмек алды

2020 жылдың 26 наурыз 2020 12:53

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында Қостанай облысында 3,5 мың адам көмек алды. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясы «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық!» жобалары аясында «Біз біргеміз» акциясын бастаған болатын. Облыста әлеуметтік жағынан осал азаматтардың тізімі құрылды.

«Акцияны ұйымдастыру барысында партияның Қостанай облыстық филиалы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұқтаждар тізімін жасады. Олардың арасында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері және жалғыз тұратын қарт адамдар бар. Барлығы 3541 адам көмек алды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады», - деді «Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына антисептиктер, маскалар және бірінші қажеттілік өнімдері жеткізілуде. Азық-түлік себетіне макарон, қарақұмық, күріш, қант және өсімдік майы, қара шай, тұз, тәтті нан кіреді.

Е. Күзенбаевтың айтуынша, еріктілердің мобильді бригадалары ұйымдастырылған. Оған партия мүшелері мен «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері кірді. Жалпы облыс бойынша 250 адамнан тұратын осындай 20 топ жұмыс істейді. Акцияның алғашқы күндері 443 отбасы көмекке ие болған.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов партия жобасын жүзеге асыруда Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлердің белсенді жұмысын атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысын тоқтатуды тапсырды.

«Әкімдер тұрғындардың тұрмыстық мәселелерін бақылауда ұстауы тиіс. Халық арасында көптеген сұрақтар туындайды, жаңа проблемалар пайда болуы мүмкін. Аудан-қала әкімдеріне онлайн режимде және партия филиалдарында орнатылған жәшіктер арқылы келіп түскен хаттарға дер кезінде жауап беруді тапсырамын. «Біз біргеміз!» бірыңғай республикалық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды тоқтатпау қажет», - деді облыс басшысы.


Жоғары қарай