Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Биыл Нұр-Сұлтан ЖОО-ларына қанша студент қабылданды

2019 жылдың 18 қараша 2019 18:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ЖОО-лардың І курс студенттерін салтанатты қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«JANA BELES 2019» жобасын Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық даму істері басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ ұйымдастырған. Дәстүрлі жиынға өз оқу орнында белсенділігімен көзге түскен 3 мыңға жуық студент қатысқан.

«Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 16 жоғары оқу орны бар. Онда 82 мыңнан астам студент білім алуда. 245 мың жастар белсенді еңбек етуде. Студенттік өмір – ең қызық өмір. Білімге, ғылымға, қоғамдық өмірге атсалыссаңыздар, нағыз бәсекеге қабілетті жастар болатындарыңызға сенемін. Тұңғыш Президентіміз Елбасы әрдайым елорда жастарына, Қазақстан жастарына үлкен үміт артады. Себебі, қазір әрбір азаматқа мүмкіндік бар. Шетелге білім алғыларыңыз келсе, «Болашақ» бағдарламасы бар. 12 мыңнан астам қазақстандық «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, Қазақстанда еңбек етіп жүр», - деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен «Қазақстан» орталық концерт залында өткен салтанатты жиында.

Белсенді студенттерге қала әкімінің орынбасары символдық студенттік билет пен естелік сыйлықтар табыстады.

«Салтанатты қабылдау шарасына Нұр-Сұлтан қаласының 16 жоғарғы оқу орнының студенттері қатысуда. Арнайы критерийлер бойынша үздік студенттерді іріктеп алдық. Бүгінде елордалық жоғары оқу орындарындағы бірінші курс студенттерінің саны – 15 мыңға жуық. Олардың басым көбісі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқиды», - деді «Астана Жастары» орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Айта кетейік, қала әкімдігі атынан студенттерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Қоғамдық даму істері басқармасының бас маманы Ақұлан Тастемірдің айтуынша, елорда әкімдігі жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше қажеттілікті талап ететін студенттердің картасына ай сайын жол жүру билетінің құнын аударып отырады.

Жоғары қарай