Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Биыл 1032 шақырым автожол жаңартылды

2019 жылдың 12 қараша 2019 21:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл соңына дейін жолдардың 201 шақырымында қозғалыс ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шетелдік компаниялармен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында жүзеге асырылады.

Автомобиль жолдары комитеті төрағасы Сайранбек Бармақовтың келтірген мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Олардың 24 мың шақырымы – халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Орталық – Солтүстік және Оңтүстік – Шығыс сияқты негізгі бес бағытты дамытуды көздейді. Бұл ретте аталмыш бағыттардың барлығы халықаралық көліктік желіге қосыла отырып, ұлттық жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға негіз болады», – деді С. Бармақов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, комитет төрағасы бүгінгі таңда үкіметтік займдар есебінен шетелдік компаниялармен бірлесе отырып 7 жобаның жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті. Биыл құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен жолдардың 1032 шақырымы қамтылған. Қаржыландырудың жалпы сомасы 100,6 млрд теңгені құрайды.

«Бұл тұрғыда «Күрті-Бурылбайтал» автомобиль жолының 2295-2380 шақырымын, «Ұзынағаш – Отар» автожолының 101-143 шақырымын, «Шымкент – Жамбыл облысының шекарасы» автомобиль жолының 593-632 шақырымын, «Жетібай – Жаңаөзен – Кендерлі – Түркіменстан Республикасының шекарасы» жолын, «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» автомобиль жолының 160-458 шақырымын, «Балқаш – Бурылбайтал» жолының 1864-2152 шақырымын қайта жаңарту жобалары, сондай-ақ, мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында іске асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы концессиялық жобасы ескерілген», – деді С. Бармақов.

Аталмыш жол учаскелерін қайта жаңарту жобаларын қазақстандық, әзірбайжандық, түрік, итальяндық, қытайлық және корейлік компаниялар жүзеге асырады. Жыл соңында қозғалысты автомобиль жолдарының 201 шақырымында ашу жоспарланған. Жоғарыда аталған учаскелердегі қайта жаңарту жұмыстары жоспар бойынша 2022 жылы аяқталмақ.

Жоғары қарай