Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы басталды

2019 жылдың 14 маусым 2019 10:17

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғыз астанасы Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 19-отырысы басталды. Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бішкектен.

Қазіргі уақытта Қырғыз Президентінің "Ала-Арша" резиденциясына ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары келіп жатыр. Мәртебелі меймандарды Қырғыз Президенті Сооранбай Жээнбеков қарсы алуда. Бұл рәсімнен кейін президенттер бірге суретке түседі. Одан кейін шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыс болады.

Жалпы, ШЫҰ-ның даму жай-күйі мен келешегі жайында пікір алмасылып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқыға түсетін отырысқа Қырғыз Президенті С.Жээнбеков төрағалық жасайды. Кеңеске Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті В.Путин, Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан, Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, сондай-ақ Ауғанстан Президенті А.Гани, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Иран Президенті Х.Рухани, Моңғолия Президенті Х.Баттулга қатысады.

Мемлекет басшылары 14 құжатқа, оның ішінде 13 шешім мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Бішкек деларациясына қол қоймақ. Сонымен қатар отырыс аясында БАҚ, спорт, денсаулық сақтау, ШЫҰ-ның халықаралық байланысын кеңейту салаларындағы ықтымақтастықты қамтитын 7 құжатқа қол қою көзделіп отыр. Қазақстан тарапы бастамашылығымен әзірленген денсаулық сақтау, ШЫҰ-ның "Астана" халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимылы, цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, "ШЫҰ-Ауғанстан" байланыс тобының мұнан арғы іс-қимылы сынды салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттар да рәсімделмек.

Айта кетерлігі, 2019-2020 жылдары ұйымға төрағалық Ресей тарапына өтеді және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2020 жылға жоспарланған.

Жоғары қарай