Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 399.67
EUR 452.95
RUB 5.82
CNY 56.36

Бірлігіміз арқылы бүгінгі қиындықтан да сәтті өтетініміз анық - Максим Споткай

2020 жылдың 8 сәуір 2020 16:14

НҰР- СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетіне жарық көрген мақаласындағы Елбасының сөзі ең алдымен қиын-қыстау заманда халыққа айтылған Ұлт көсемінің батасы, деген пікір білдірді ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалықжастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай.

Бата - қасиетті дүние. Батада үлкен мән-мағына, үлгі-өнеге, үлкенді сыйлаған дәстүріміз бен салтымыздың нышаны бар. Тарихи тұлғаның, рухани көшбасшысының сөзін тыңдау, одан бата сұрау - тәрбие мен тектіліктің көзі деп білеміз. Қазақ «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», - деген сөзді бекер айтпаған.

Біз ашаршылық, репрессия, отаршылдық секілді қиын-қыстау жолдардан аман-есен өткен, сөйте тұра, ешкімге ешқашан құл болмаған, мыңжылдық тарихы бар халықпыз. Сондықтан біздің бірлігіміз бен берекеміз, шыдамдылығымыз арқылы бүгінгі қиындықтан да сәтті өтетініміз анық.

Ел ішінде дүрбелең тудыруға жол бермей, бар мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ - әлбетте, жеңімпаз болып шығамыз. Елбасы алдағы аға буынмен бірлесе отырып жаңа Қазақ мемлекетінің негізін салып, бізге, кейінгі ұрпаққа, аманат етіп берді. Оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап, ары қарай дамыту - бәрімізге ортақ өмірлік миссия емес пе?

Әлеуметтік желілерге байланып, негативті жалған ақпараттарды қабылдап, таратқанша, алтын уақытымызды оңды істерге пайдаланғанымыз жөн. Бизнесті қалай дамытамыз, ішкі процесстерді қалай өзгертеміз, дағдарыстан кейінгі нарықта үлкен сұранысы бар маманға қалай айналамыз дегенді ойлайтын заман қазір.

Кітап оқып, қарым-қатынастарымызды реттеп, үй ішін таза ұстап, физикалық жаттығу жасап, онлайн дағдыларын игеріп, позитивке аса мән беретін болсақ - дағдарыстан жаңаша күймен шығамыз, Абай айтқандай, «толық адам» болып шығамыз.

Пандемия - ақыр заман емес. Ол да кетеді. Одан кейін адам да, заман да өзгермек. Жаңа әлемге жаңа кәсіп пен білім қажет. Бәріміз оған лайықты өз орнымызды табуымыз қажет. Жүректегі ақыл, білектегі күш, ынта мен жігерді қоса ұстасақ, бар қиындықты жеңеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты Елбасымен бірге бастан өткердік. Бүгінгі қиындықтан да өтеміз.


Жоғары қарай