Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Бір айда құрастырған: Елорда оқушылары арасында робототехникадан жарыс басталды

2019 жылдың 22 қараша 2019 12:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада мектеп оқушылары арасында «ROBOFEST - 2019» қалалық жарысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өткізіліп отыр. Мақсат - спорттың ғылыми-техникалық бағытын дамыту және өздерін осы бағытта дамытып жүрген балалардың бір-бірімен танысып, ойға алған істерін жүзеге асыруға мүмкіндік жасау», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Техникалық шығармашылық орталығының директоры Қанат Әбдірашитов.

Ол робототехникамен айналысқан баланың логикалық ойлау қабілеті жақсы дамитынын айтады. «Робототехникамен айналысқан бала бағдарлама жасауды, роботтардың материалдық-техникалық жағын зерттеуді, оларды құрауды үйренеді», - дейді ол.

Орталық директорының атап өтуінше, 1970 жылдары да осындай үйірмелер болған. Бірақ қолданатын құралдардың көлемі өте үлкен, ыңғайсыз болып келетін.

«Қазір технология өте дамып кеткен. Сол себепті, балалардың визуалды ойлау жүйесі жақсы дамыған. Мысалы, бұл жарысқа қатысып жатқан 2-інші, 3-сынып оқушылары да бар. Кейде олар үлкендердің басына келмейтін идея айтады. Қабілеті болса - неге қатыстырмасқа? Жарысқа елордадағы 86 мектеп қатысуда, бұл - қаладағы мектептердің 95% деп айтуға болады. Мектептердегі материалдық жағдайды жақсарта түссе - жарысқа бір мектептен бірнеше команда қатысушы еді», - дейді директор.

Елордада үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан робототехника байқауына 86 мектептен 86 команда, барлығы 172 бала қатысып жатыр.

Қазылар алқасының төрағасы Талант Төлеубековтің айтуынша, оқушылар мен ұстаздарға тапсырма бір ай бұрын берілген.

«Бір ай ішінде олар робот құрап шығарады. Осыдан үш жыл бұрын қатысушылар саны екі есе аз болған және жарыс осындай кең көлемде емес, Техникалық шығармашылық орталықтың өзінде өткен», - дейді ол.

Ал Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Ниязбек Базарбаевтың робототехникаға деген қызығушылығы 5-сыныптан бастап оянған.

«Мен ата-анама өтініш айтып, 5-сыныптан бастап робототехника үйірмелеріне қатыстым. 5-сынып оқып жүрген кезімде Ақмола облысы бойынша робототехникадан өткен жарысқа қатысып, екінші орын алдым. Бүгінгі жарыста қажетті құралдар береді, біз одан биіктігі 30 см, ұзындығы 30 см және салмағы 2 кг болатын робот құрауымыз қажет. Робототехникаға қызығушылығы бар балалар алгебра, геометрия, физика, математика пәндерін жақсы оқиды. Себебі мұнда есептеу де, өлшеу де, санау да бар. Біздің қолымыз - шебер, фантазиямыз - мықты», - дейді ол.

Автор Зарина Қаһарман
Басты сөздер: Қоғам, Білім, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай