Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Білім саласындағы реформалар әлі алда - Мемлекет басшысы

2019 жылдың 4 шілде 2019 17:20 4059

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Білім саласындағы реформалар әлі алда. Бұл туралы бүгін елордада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бастауыш, орта немесе жоғары оқу орны болсын, біздің білім беру жүйесіндегі барлық кемшіліктерді жақсы білеміз. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімейміз. Білім саласындағы реформалар әлі алда. Бізге ең алдымен білім сапасы мен стандарттарын жақсарту қажет. Болашақ уақыттың сын-тегеуріндеріне дайын болуымыз керек. Толықтай алғанда, біз білім мен ғылымға кететін шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті қазіргі кезеңдегі негізгі міндет - кадр дайындауды сапалы жаңа деңгейге көтеру жүйесіне көшу екенін атап өтті. Аталған жүйе кадрларды дайындау сапасы мен еңбек нарығындағы сұраныс арасындағы айырманы қысқартуы тиіс.

«Осыған орай бізге бірнеше нақты шараны жүзеге асыру қажет. Алдымен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту қажет. Негізгі проблемалар - колледждердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, түлектердің еңбек нарығы талаптарына сәйкессіздігі және білікті оқытушылардың тапшылығы. Бұл - біз шешуге тиіс проблемалар», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, бүгінгі күні жұмыс берушілердің 70 пайызы колледж түлектерінің дағдыларына қанағаттанбайды.

«Бұл тиісті оқу орындарының білім сапасы әлі күнге дейін төмен дегенді білдіреді. Дегенмен, реформалардың нәтижесінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Алайда, онымен тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Уақыт жаңа императивті талап етеді», - деді Қ.Тоқаев.

 

 

Жоғары қарай