Ауа райы
Нұр-Сұлтан 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 379.86
EUR 422.97
RUB 5.85
CNY 56.33

Бейжің Назарбаевтың Президенттік өкілеттігі тоқтауына орай ұстанымын білдірді

2019 жылдың 20 наурыз 2019 14:28 1435

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті өкілеттігін тоқтату шешіміне түсіністікпен қарайды. Бұл туралы бүгін күнделікті брифинг барысында ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, Ұлт  көшбасшысы. Қытай тарапы оның қабылдаған шешіміне түсіністік танытады. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап 27 жылдың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық ынытмақтастық қарым-қатынасын ілгерілетуге септігін тигізді. Сонымен қатар «Бір белдеу - бір жол» бастамасына қолдау көрсетіп, оның жүзеге асырылуына белсенді қатысты», - деді Гэн Шуан қазақстандық журналистердің сауалына жауап бере келе.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Президенті лауазымына кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жақсы досы саналады. Осы ретте ол Қазақстан жаңа Президент кезінде де өз дамуының жаңа жетістіктеріне жететіндігіне, қазақстандық-қытайлық қарым-қатынас одан ары табысты гүлдене түсетіндігіне сенімді екендігін баса айтты.

«Қазақстан  - Қытайдың маңызды тату көршілерінің бірі. Ал қытай-қазақстандық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде қалыптасқан және екі елдің де мүддесіне сай келеді. Қытай Қазақстан Республикасының даму келешегіне және екі жақты қарым-қатынастарға мол сеніммен қарайды», - деді Гэн Шуан.

Айта кетейік, кеше Нұрсұлтан Назарбаев  республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу арнап, онда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде өкілеттігін тоқтататындығын жария еткен еді. 

Ал бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді.

Автор: Садық Әкижанов

 

Жоғары қарай