Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 429.83
RUB 5.96
CNY 55.39

Бес облыста жауын-шашынның салдарынан жағдай қиындай түсуі мүмкін - Қазгидромет

2019 жылдың 1 сәуір 2019 19:56 820

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бес облыстағы елді мекендерге су басып қалу қаупі төніп тұр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Күлдіковтің айтуынша, аталған аймақтардың ішінде Батыс Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Қарағанды облыстары бар.

«1 сәуір 18:00-дегі жағдай бойынша дәл осы облыстарда су басу қаупі жоғары болып тұр. Сосын Қазгидрометтің болжамы бойынша 1-5 сәуір күндері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Қарағанды облыстарына көп мөлшерде жауын-шашын түседі. Соның салдарынан қазіргі жағдай қиындай түседі. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды. Ауа температурасы да көтеріледі. Осының нәтижесінде өзен суларының деңгейі күрт көтеріледі деген болжам бар», - деді М.Күлдіков Астанадағы шұғыл баспасөз мәслиxатында. 

Айта кетейік, бүгін Солтүстік Қазақстан облысындағы Қаратал ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру шаралары басталды. Сілеті қоймасынан судың көптеп жіберілуіне байланысты СҚО-ның Қаратал мен Құлдыкөл ауылдарын су басуы мүмкін. Қазіргі кезде Сілеті су қоймасы 95 пайызға толып тұр.

«Бүгін күндіз сағат 12:00-ден бастап біз Қараталдың тұрғындарын алдын ала қауіпсіз жерге көшіру басталды. Осы уақытқа дейін тікұшақпен 33 адам эвакуацияланды. Сосын туған-туыстардың үйіне және мектептегі арнайы эвакуациялық бекетке көшіп жатқандар да бар. Бұдан бөлек, 2 754 малды қауіпсіз жерге айдалып әкелінді», - деп атап көрсетті М.Күлдіков. 

Жоғары қарай