Ауа райы
Астана -30 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 378.86
EUR 416.78
RUB 6.06
CNY 54.62

Бердібек Сапарбаев «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында азаматтарды қабылдады

2019 жылдың 7 желтоқсан 2019 21:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 7 желтоқсан күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев елордадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана тұрғындары медициналық көмек көрсетуге, әлеуметтік қызметтерге, тұрғын үймен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, еңбекке орналастыруға қатысты және басқа да проблемалық мәселелерді көтерді.

Егде тартқан мүгедек анасына күтім жасап отырған Елена Солоник әлеуметтік көмек органдары ұсынатын оңалту және гигиена құралдарының сапасының төмендігіне және олармен уақытылы қамтамасыз етілмейтініне шағымданды.

«8 жыл бұрын сатып алған арбамыз бізге биыл берілген мүгедектер арбасынан әлдеқайда сапалы. Гигиена құралдарын біз кеше ғана алдық, олардың сапасы да тым төмен», - деді Е. Солоник.

Вице-премьер қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына осы мәселені шешуді және мүгедек жандарды сапалы оңалту және гигиена құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Біз бұл проблема туралы білеміз. Ол тек сіздің отбасыңызға ғана емес, еліміздегі барлық мүгедектерге қатысты. Сондықтан келесі жылдан бастап біз Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосамыз. Ол қазірдің өзінде Ақтөбе облысында пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Осы портал арқылы мүгедек жандар өз бетінше көрсетілетін қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын таңдай алады», - деді Б. Сапарбаев.

Нузигүл Ақан өзінің ұлына мүгедектік тобын беру мәселесін шешуде көмек көрсетуді сұрады. Жас жігіттің жүрегіне күрделі операция жасалған, оған тағы ота жасату керек.

Қажетті тексерулер жүргізіп, қолданыстағы заңнама шеңберінде осы мәселені шешу денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарына тапсырылды.

Бұл күні вице-премьер барлығы 12 азаматты қабылдады. Жүгінген азаматтардың барлық өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған соң Бердібек Сапарбаев түсінік беріп, тиісті мемлекеттік органдарға заңнама аясында мәселелерді шешуде ықпал көрсетуді тапсырды.

Басты сөздер: Қоғам, Нұр-Сұлтан, ҚР Үкіметі,
Жоғары қарай