Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.48
EUR 428.98
RUB 6.05
CNY 54.93

Беларусьте Өкілдер палатасына негізгі дауыс беру басталды

2019 жылдың 17 қараша 2019 11:12

МИНСК. БЕЛТА - ҚазАқпарат – 17 қараша, жексенбі – Беларусьтың Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының жетінші шақырылымына депутаттарды сайлаудың негізгі дауыс беру күні. Дауыс беру басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.

Елдегі сайлау учаскелері жергілікті уақытпен 8:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 11:00) жұмысын бастады, 20:00-ге дейін ашық болады. Әскери бөлімшелерде, санаторийлерде, профилакторийлерде, демалыс үйлерінде, ауруханаларда ашылған учаскелерде оларға тіркелген сайлаушылардың барлығы дауыс беріп қойса, учаскелік комиссиялар 20:00 болуын күтпей-ақ дауыс беру аяқталғанын жариялай алады.

Сайлау бюллетені Беларусь Республикасы азаматының төлқұжаты немесе тұлғасын куәландыратын басқа да құжаттар (мемлекеттік қызметшінің куәлігі, студент билеті, жүргізуші куәлігі, мерзімді әскери қызметшілердің әскери билеті, фотосуреті бар зейнетақы куәлігі, төлқұжатын жоғалтып алғандарға берілген ішкі істер органдарының анықтамасы, сондай-ақ мүгедектік туралы куәлік) көрсетілген жағдайда беріледі.

Науқанға арнап 110 сайлау округі (олардан 110 депутат сайланады), 5831 сайлау учаскесі ашылған. Сайлау учаскелерінің 46-сы – шетелдерде.

Беларусь Орталық сайлау комиссиясы 16 қарашада парламенттің Өкілдер палатасының жетінші шақырылымына сайлануға 513 кандидат үміткер екенін мәлімдеген.

Әр округтің ең көп дауыс жинаған кандидаты депутат болып сайланады. Округте тізімдегі сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс берсе, сайлау болды деп танылады.

Бұл жолғы сайлауға Беларусьтың 6 880 605 азаматы қатысады.

Еске сала кетейік, Беларуське ТМД-ның сегіз елінен, соның ішінде Қазақстаннан да ұзақ мерзімді бақылаушылар барған. Достастық миссиясының құрамында жалпы 475 адам бар, олар Беларусь парламенті төменгі палатасы депутаттары сайлауын түрлі өңірлерде бақылап отырады.

Басты сөздер: Әлем,
Жоғары қарай