Ауа райы
Нұр-Сұлтан 19 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Баяу интернет қостанайлық кәсіпкерлерге сауда жасауға кедергі келтіріп отыр

2019 жылдың 2 сәуір 2019 18:16 733

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы Нариман базарының кәсіпкерлері әлсіз интернеттің салдарынан бақылау-кассалық машиналарды қолдана алмай отыр. Осындай түйткілді мәселе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жібек Сейітованың айтуынша, биыл заң бойынша  кәсіпкерлер сауда орындарына бақылау-кассалық құрылғыларды орната бастады. Алайда олар аталған құрылғыларды қолдана алмай әлек. Басты кедергі - баяу интернет. Ал мұндай құрылғы орнатпағандар тәртіп бұзушылар болып шыға келеді.

«Қостанай қаласы Нариман базарындағы сауда жасап отырған кәсіпкерлердің шағымы орынды. Салық заңнамасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ашық сауда алаңдарында саудамен айналысатын кәсіпкерлер онлайн-бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті. Бұл машиналар арқылы ақша есептері туралы ақпарат тікелей салық органдарына түседі. Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасына Нариман нарығы кәсіпкерлерінен ұжымдық арыз келіп түсті. Олар бақылау-кассалық машиналар қажетті деңгейде жұмыс істемейді деп хабарлады. Оған баяу интернет кедергі келтіреді», - деді Қостанай облысы ӨКП сарапшысы Жібек Сейітова.

Осыған байланысты Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы жұмыс тобын құрған еді. Оған Мемлекеттік кірістер департаменті, «Қазақтелеком» АҚ қостанайлық филиалының өкілдері және Нариман базарының бастамашыл кәсіпкерлері қатысты.

«Мамандар келіп түсетін сигналдың деңгейін өлшеді, сигнал әртүрлі сауда павильондарында 22-ден 35%-ға дейін көрсеткішті құрады. Негізі, есептеу машиналары болмаса, әуелі, тәртіп бұзушылық үшін ескертпе ғана алсаң, екінші рет айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл мөлшері - 15АЕК (37 875 теңге), орта кәсіпке - 30 АЕК (75 750 теңге), ірі шаруашылыққа - 50 АЕК (126 250 теңге). 

«Қазақтелеком» АҚ  қостанайлық филиалының өкілдері кәсіпкерлерге өз қаржыларына арнайы антенналар сатып алуды ұсынды. Алайда сатушылар қосымша шығындалғысы келмейді, өйткені осы жағдайда олардың кінәсі жоқ.

Нәтижесінде кеңеске қатысушылар әр сатушыға жекелей көңіл бөлу керектігі туралы шешім қабылдады. Барлығы құжатпен рәсімделуі үшін әр кәсіпкер «Қазақтелекомға» бутикте өлшемдерді алу бойынша өтініш жазады. Ары қарай мәселені Кәсіпкерлер палатасы және Мемлекеттік қызмет істері департаменті бақылауына алады. 

 

 

Жоғары қарай