Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Баянауылда ашық аспан астындағы музей құрылады

2019 жылдың 25 ақпан 2019 23:09

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Баянауыл ауданында ашық аспан астында жеті музей жұмыс істейтін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бөлім басшысы Айгүл Кенжетаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Биыл облыста «Ұлы дала» этнофестивалін Баянауылда өткізу жоспарланып отыр. Қазақстанның туристификация картасына енген үздік 10 жобаның ішінде Баянауыл демалыс орыны бар. Мұнда жылына 200 мыңнан астам адам демалады. Соңғы екі жылда туризмді дамытуға 23 миллиард теңге тартылған.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында облыс ескерткіштері мен киелі нысандарды қайта құру және қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Қажетті инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, туристік бағыттар, визит-орталықтар құрылуда. Павлодар облысының киелі жерлері картасына енгізілген 41 нысанның бесеуі республикалық сакралды орындардың картасынан орын алған. Оның ішінде Баянауыл ауданы бойынша Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай батыр мазары, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі, Екібастұз қаласы бойынша Ақкөл-Жайылма қалашығы, Исабек ишан хазірет кесенесін атап өтуге болады», - дейді Айгүл Кенжетаева.

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің мәліметіне сүйенсек, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы аудан әкімдіктері және ПМПУ-мен бірге қасиетті нысандарды қоршау жұмыстарын бастаған. Есепті кезеңде Екібастұз өлкесінде Ақбидайық жартасындағы суреттер, Май ауданында Кемертұз жартасындағы суреттер және Баянауыл ауданында Сабындыкөл қорымы қоршалған.

2018 жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін Екібастұз қаласының, Ақтоғай, Ертіс, Баянауыл, Железин, Май, Павлодар және Шарбақты аудандарының аймақтарында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде тіркелген 67 киелі объектіні паспорттау жүргізілген. Нәтижесінде 14 жаңа нысан анықталған. Бұл Екібастұз ауылдық аймағында - Күреңбай сыншының мазары, Түйте әулиенің тасы, Әулиекөл көлі, Амандық сопы мазары, Баянауыл ауданында - Қоңырбай халфе, Әбжәлап әулие мазарлары, Құрманбай абыз зираты, Қыз тамы, Мәстек абыз мазары, Шарбақты ауданында - Шақау молла мазары, Темірғали Нүрекеновтың кесенесі, Аққулы ауданында - Шоқман қожа мазары, Сары бәйбішенің жерленген орны және Ақсу қаласының ауылдың аймағында - Ақмола қорғаны.

Аталған кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша ПМПУ базасында «Археологиялық және этнографиялық зерттеулердің интеграциясы» атты ғылыми симпозиумда Павлодар облысының киелі нысандары туралы ғылыми-көпшілік фильм түсірілген. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында облыстың киелі нысандарының сайттары құрылған.

Жоғары қарай