Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Бауыржан Байбек жаңа автобус паркінің құрылысымен танысты

2019 жылдың 24 қаңтар 2019 18:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде газбен жүретін 200 автобусқа қызмет көрсететін жаңа автобус паркінің құрылыс қарқынын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Мұхит Әзірбаев әкімге Алатау ауданында салынып жатқан автопарк құрылысының 60 пайызы аяқталғанын баяндады. Қазірдің өзінде техникалық қызмет көрсету, автожуу, диспетчерлік қызмет, жатақхана нысандары салынған және бұларға ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Нысан пайдалануға толық берілгенде 650 жаңа жұмыс орны ашылады. Газбен дәнекерлеу жабдықтары сатып алынды. Құрылысты биыл жаз айларының басында аяқтау жоспарланған.

Бүгін сондай-ақ, қала басшысы «Бату travel» компаниясының 130 автобусқа арналған автобус паркінің құрылысын аралады. Жобаға 1,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Автопарк Алатау ауданында бой көтереді. Сонымен қатар, Индустриалды аймақ маңында қаланың қоғамдық көлігіне қызмет көрсететін кәсіпорындар кластері пайда болады.



null

Жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек №99 бағытты жаңарту үшін «CityBus» автопаркі сатып алған «Golden Dragon» маркалы автобустарды көрді.

Жаңа үш есікті, төмен еденді, кондиционермен, электронды табломен, видео камерамен жабдықталған әрі Евро-5 экологиялық стандартына сай автобустар осы сенбі күні Әйгерім және Көктөбе елді мекендеріне қызмет көрсетуге шығады.



null

«Бизнесті дамыту үшін біз Алматыға бет бұрдық, мұнда нарық үлкен әрі жайлы инвестициялық ахуал орныққан, оның үстіне тасымалдаушыларға субсидия қарастырылған», - дейді «CityBus» ЖШС өкілі Амангелді Әбдірахманов.

Айта кетерлігі, Алматыда жүзеге асқан көлік реформасы барысында 2018 жылы қала бағыттары бойынша 500 жаңа автобустар жүре бастады. Биыл қаланың автобус паркі қосымша жаңаратын болады. Сонымен қатар, «Алматыэлектротранс» ЖШС қаржысы есебінен газбен жүретін тағы 200 жаңа автобус алынады.




null


null

Жоғары қарай