Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Батысқазақстандық әртістер Аустрия елінде өнер көрсетті

2019 жылдың 4 шілде 2019 22:53 1832

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батысқазақстандық әртістер Аустрия елінде өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандықтардың бұл гастрольдік сапары ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұйымдастырылды.

Алдымен Вельс қаласында жергілікті көрермендер қазақ елінің өнерпаздары салған ән мен билеген билеріне куә болды.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы "Орал сазы" фольклорлық ансамблі, Орал қалалық "Салтанат" би ансамблі, Дастан Есентеміров, Дария Бақытова, Айбар Хайырханов, Еркін Өтегенов сынды өнер иелері сахнаға шығып, шетелдіктерді тәнті етті.

Моцарт, Бетховен, Шуберт, Штраустай ұлы композиторлардың классикалық туындылары салтанат құрған елде «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку» әуелеп, «Шегенің ариясы» шырқалды. Аққудан арулар мың бұрала биледі сахнада. Абай, Біржан сал, Нұрғисадай біртуар дарындардың шығармалары орындалды. Күмбірлеген күйге де кезек берілді.


null 

Батысқазақстандық өнерпаздар еліміздің ұлттық мәдениетін таныту, фольклорлық өнерді насихаттау мақсатында сондай-ақ Кремс қаласында «Ұлы дала әуезі» атты концерт қойды. Мұнда да шетелдік көрермендер қазақ өнерін ықылас қоя тамашалады.

Кеш соңында Қазақстанның Аустрия еліндегі елшісі Қайрат Сарыбай сөз сөйлеп, батысқазақстандық өнер ұжымына шығармашылық табыс пен шабыт тіледі.

«Өңіріміздің өнері мен мәдениетін Еуропа жерінде танытуға мүмкіндік жасаған облыс басшылығы мен Қазақстанның Аустриядағы елшілігіне ризашылығымызды білдіреміз», деді батысқазақстандықтарды бастап барған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. 



null 

 

Жоғары қарай