Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 364.95
EUR 416.99
RUB 5.55
CNY 52.58

Батысқазақстандық әнші республикалық фестивальдің жүлдегері атанды

2018 жылдың 22 қазан 2018 21:34 904

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық әнші Ернар Өмірәлі Өскеменде өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер фестивалінің жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш өнер додасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығы аясында халқымыздың дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырды.

Дарынды жас өнерпаздарды анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін жетілдіру, Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Мұхит Мерәліұлы, Естай Беркімбайұлы, Әміре Қашаубаев сынды қазақтың ұлы әншілерін ұлықтауды мұрат тұтқан фестиваль бес күнге созылды.

Айтулы сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен фестиваль шарты бойынша 20 мен 35 жас аралығындағы 34 үміткер қатысып, бақ сынады. Олар үш кезеңнен тұрған байқау барысында ұсынылған әндерді орындады. Соның ішінде қатысушылар Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы әндерді шырқауға міндетті болды.

Фестиваль қорытындысында астаналық Асқар Мұқият бас жүлдені (1 млн теңге) жеңіп алды.

Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Ернар Өмірәліге екінші орын (500 мың теңге) бұйырды.
«Арқа мектебінің әншілерімен сайысу оңайға түскен жоқ. Дегенмен тыңғылықты дайындықпен барғаннан кейін жүлдеге іліктім. Мен өзім алғашқы кезеңде Қанапияның «Қанапия», Мұхиттың «Көк айдай», халық әні «Екі жирен», Ғ.Құрманғалиевтің «Асылжан», сосын халық әні «Баянауыл», Жарылғапбердінің «Ардақ», Мұхиттың «Үлкен айдай», соңғы сатыда Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ», Мұхиттың «Кіші айдайын» орындап бердім», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ернар Өмірәлі.

Айта кетейік, Ернар Өмірәлі бұдан бұрын Мұхит Мерәліұлы, Ғ.Құрманғалиев атындағы республикалық байқаулардың лауреаты атанған болатын.

Жоғары қарай