Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Баспанасы бар азаматтарға да «7-20-25» бағдарламасына қатысу құқығы берілмек

2019 жылдың 22 қаңтар 2019 10:51 2345

АСТАНА. ҚазАқпарат - Баспанасы бар азаматтарға да "7-20-25" бағдарламасына қатысу құқығы берілмек. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бастапқы жарнаны азайту үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарына қолдау көрсетілуде. Жеңілдік берілген ипотека бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау тетігі енгізілді. Ол  әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттарын  беру арқылы жүзеге асырылады. Жекелеген өңірлер тұрғын үй сертификаттарын беруге кірісіп кетті. Мысалы, Астана әкімдігі 1 млн теңгеге бастапқы жарнаны субсидиялау үшін  мұғалімдерге, дәрігерлерге және полиция қызметкерлеріне 100 сертификат берді", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Осы ретте ол тұрғын үй сертификаттарын беру нақты сипатта болуға тиістігін және бағдарлама басында ғана болуы мүмкін екендігін баса айтты.

"Бағдарламаға қатысу талаптарының бірі - меншік құқығында баспананың болмауы. Сонымен қатар азаматтардың меншікті баспанасы болып, қосымша баспана талап етілетін көптеген жағдай да бар. Бұл тұрғын үй талаптарын жақсартатын көп балалы отбасылар, балаларына баспана сатып алатын ата-аналар, басқа географиялық өңірге көшетін азаматтар болуы мүмкін. Халықтың қажеттілігін назарға  ала отырып, Ұлттық банк Үкіметке бағдарламаға меншік  құқығында баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуді ұсынады", -  деді Д.Ақышев.

 

 

Жоғары қарай