Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Бас прокуратура: Президент сайлауы қолданыстағы заңнама нормаларына сай өткізілді

2019 жылдың 19 маусым 2019 23:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы қолданыстағы заңнама нормаларына сай өткізілді. ҚР Бас прокуратурасы осындай хабарлама таратты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президенті сайлауында сайлаушылардың таңдау нәтижесіне күдік келтіретіндей бұзушылыққа жол берілген жоқ. Электоралды кезеңде прокуратура 36 іс қозғап, әкімшілік құқықбұзушылық баптары бойынша сотқа жолдады. Олардың 30-ы сотта қаралды, әлі 6-уы соттың қарауында жатыр», - делінген қадағалау органының хабарламасында.

Бас прокуратураның хабарлауынша, басқа адамның атынан дауыс беру мүмкіндігін беру мақсатында азаматтарға бюллетень таратқаны үшін сайлау комиссиясы учаскелерінің 11 мүшесі ҚР ӘҚБтК-тің 110-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Олардың бәріне 25 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

«9 сайлаушы ҚР ӘҚБтК-тің 108-бабы бойынша - тепе-тең сайлау құқығы талаптарын бұзғаны үшін (бір сайлаушы - бір дауыс - бір бюллетень) жауапкершілікке тартылды. Көбінде олар отбасы мүшелері үшін бюллетень алған. Олар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының, Алматы, ШҚО, Түркістан облыстарының тұрғыны. Осындай төрт іс Жамбыл облыстық мамандандырылған әкімшілік соттың қарауында жатыр», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, прокуратура БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде бюллетендерді көптеп салу мен өзге де бұзушылықтар бейнеленген видеожазбаларға тексеру жүргізуде. Мәліметтердің көбі расталмаған.

«Көптеген видеожазбаларда учаске, аудан, қала немесе облыс, оқиғаның қайда орын алғаны көрсетілмегендіктен бұл бағытта жұмыс әлі жалғасуда. Заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда тексеру қорытындысы негізінде кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту үшін іс материалдары сотқа жолданады», - деп хабарлайды Бас прокуратурадан.

Жоғары қарай