Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Барлық ауылға мемлекеттің қаражаты жетпейді – Ұлттық экономика вице-министрі

2019 жылдың 7 тамыз 2019 18:02 199

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов алдағы уақытта Қазақстандағы 6,5 мың ауылды елді мекеннің іргелі деген 3,5 мыңына маңыз берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Ауылдарды дамыту бағдарламасы бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырындағы арнайы комитет арқылы жүзеге асырылатын. Мен енді ол кездегі бағыт дұрыс немесе бұрыс болды деп айта алмаймын. Қазіргі кезде негізгі әкімші – Ұлттық экономика министрлігі. Елбасының тапсырмасымен «Ауыл – ел бесігі» жобасын қолға алып, ауылды елді мекендерді жаңартамыз деп жоспарлап жатырмыз. Бұрын республикалық бюджеттен қаражат ауылдардағы тек негізгі проблемаларды – ауыз су немесе электр желілері мәселелерін шешу үшін көзделген. Бірақ, барлық жерге әлбетте, мемлекеттің қаражаты жетпейді. Мен атап өткендей Қазақстанда қазіргі таңда 6,5 мыңға жуық ауылды елдімекен бар», - деді Ермек Алпысов Үкіметтің баспасөз орталығында.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, жағдайы төмен, әлеуеті төмен ауылға – бірнеше жүз миллион теңгенің су құбырлары жүргізілген жағдайлар да болған.

«Бұл ретте бюджеттің қаражаты дұрыс пайдаланылмаған шығар. Сондай жағдай болмау үшін біз 6,5 мыңға жуық елдімекеннен 3,5 мыңға жуығын іріктедік. Даму әлеуеті бар ауылдарды өркендетуіміз керек. Жұмыс ең алдымен сол ауылдардағы халық қалаға көшіп кетпеу үшін жасалып жатыр. Жолдарын, мектептерін, басқа инфрақұрылымын жөндеп беріп, бағдарламалар арқылы шаруа қожалықтарға қолдау білдірген абзал. Есептеп отырсақ, іріктелген 3,5 мың елді мекенде ауыл халқының 85 пайызы тұрады екен. Халықтың 15 пайызы ғана қалған ұсақ елдімекендерге қаражат бөлінбейді деп айта алмаймын. Қаражат бөлінеді. Бірақ, ағымды жұмыстарға беріледі. Ондай ауылдарда мектеп салудың қажеті жоқ», - деді ол.

Еске сала кетсек, Ермек Алпысов бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 5 172 маманға бір реттік көтерме жәрдемақы берілгенін хабарлаған болатын.



Жоғары қарай