Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.48
EUR 428.98
RUB 6.05
CNY 54.93

Бәрінен көңілі қалған, жан дүниесі ашу-ызаға толы жандар жат ағымдарға жиі ереді - теолог

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 18:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазір әлем бойынша экстремизм мен терроризм жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Жат ағымдардың шырғалаңынан шығу үшін тамырын түбегейлі жою керек. Сондай-ақ, қоғамдық өмірді демократияландыру, адами қатынастарды ізгілендіру қажет. Бұл - дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Елнар Берікбаевтың пікірі.

- Адамдардың діни экстремизм мен терроризмге қатысы барын анықтайтын бірыңғай профиль бар ма?

- Діни экстремизм мен терроризм идеяларын құптайтын адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін бірде-бір профиль жоқ. Олардың қатарында білімдісі де, мектептен кейін ештеңе оқымағандар да бар. Бұл шындық. Сондай-ақ, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар, орташа табысқа ие жандар, бойдақ жігіттер, бойжеткендер мен балалы отбасылар да бар. Бұрын қылмыс жасап жауапққа тартылғандарды да кездестіруге болады.

Бұған мынандай топтар жатады деп кесу айту қиын. Бала күнінде психологиялық соққы алғандар немесе балалық шағы өте керемет өткендерді де қосуға болады. Адамдар діни экстремистік ағымдарға жеке, эмоционалды және психологиялық факторлар арқылы қатысады.

- Осы факторлар туралы кеңірек айтып бере аласыз ба?

- Барлық факторлардың ішінен мен біреуін айтар едім. Ол – ішкі жанжал, бір нәрсені қабылдамау. Бұл белгілі бір топтардың жекелеген адамдарды қорлау, сенімсіздік таныту, тыңдамау сияқты көзқарас салдарынан туындауы мүмкін.

Бұл соттың дұрыс шешім қабылдамауына, түрмедегі қатыгездікке және сыбайлас жемқорлыққа жауап ретінде де туындауы мүмкін. Адамдар қоғамдағы беделін жоғалтқан кезде өздерін басқа әлемнен іздей бастайды. Мысалы, жат дінге бет бұруы ықтимал.

Көңілі қалған сайын адамдар шешілмеген ішкі қақтығыстардың алдын алуға қарсы құрал іздей бастайды. Егер шешілмесе, барлық қиындықтарға қоғамды кінәлайды. Дағдарыс кезеңінде адам өзінің ұлттық дәстүрлерімен діни фундаментализмге өте осал келеді.

Діни экстремизм идеологиясының таралу жағдайында дінаралық қатынаста күйзелістегі адам ерекше қалыптасады. Осылайша, кең диалогтық жүйелердің жеткіліксіздігінен радикалдану туындауы мүмкін. Төзімділіктің жетіспеушілігі, арандатушыларды ұстай алмау, қоғамда шынайы өкілеттік берудің өміршең баламаларының жоқтығы - радикалдануға себеп.

- Мұндай тәуекелге кімдер барды?

- Оған көбіне істі болған және жақында түрмеден шыққан адамдар барады. Радикалды топтар қоғамдағы әлсіз азаматтарға назар аударады. Олар бәрінен көңілі қалған, жан дүниесі ашу-ызаға толы азаматтарды тез арбап алады. Осы істің хас шеберлері десек те болады.

Тағы бір себеп - ислам туралы білімнің салыстырмалы түрде жетіспеуі. Күні бүгінге дейін имамдар аз сөйлейді, дін ғалымдары егжей-тегжейлі түсіндіре бермейді. Негізі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жеке тәсілден басталуы керек.

Радикалдану процесі әр адам үшін әртүрлі болатыны туралы түсінік болуы керек. Сондықтан, елде алдын алуға арналған «интегралды» тәсіл қабылданды. Мұнда дінтану саласы қоғаммен жұмыс жасау керектігі айтылған.

- Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы қандай ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуде?

- Алматы тәжірибесі қауіпсіздікке ерекше назар аудару арқылы діни алауыздықтың алдын алуға болатынын көрсетеді. Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері тиімді жұмыс істеп жатыр. Нәтиже жаман емес. Бұл билік пен әлеуметтік орта арасында сенім туғызды. Экстремистер әрекетіне тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы - осы.

Ақпараттық түсіндіру тобына дінтанушылар, теологтар, исламтанушы ғалымдар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, заңгерлер кіреді. Бұл мамандар экстремистік идеологияға өте осал адамдарға практикалық және психологиялық көмек көрсетуді мақсат етеді.

Жат ағымдардың шырғалаңынан шығу үшін онымен байланысты түбегейлі жою керек. Сондай-ақ, қоғамдық өмірді демократияландыру, адами қатынастарды ізгілендіру қажет деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Жоғары қарай