Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Бар-жоғы 2 квота – ауыр атлеттерден Олимпиадаға кім барады

2019 жылдың 14 қараша 2019 17:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг дауына байланысты Қазақстан құрамасына 2020 жылғы Олимпиадаға 2 квота ғана бөлген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта допинг дауына байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстанға тек екі квота (1 әйел, 1 ер адам – авт.) бөліп отыр. Қай спортшылардың баратыны әлі айқындалған жоқ. Біздің федерация спортшыларды нәтижесі бойынша ғана таңдайтын болады. Кім барынша көп салмақ көтеріп, медальдан үмітті болса – сол Олимпиада ойындарына барады», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Серік Сәпиев.

Комитет төрағасының айтуынша, Парламент Мәжілісінде допинг қолданған спортшыларға жазаны күшейту туралы заң бірінші қаралымда мақұлданып қойған.

«Олимпиада алдында спортшыларымыз екі-үш мәрте тексеріледі. Олардан осы Қазақстанда допинг-сынама аламыз. Ол допинг-сынамалар Германияға жолданып, қаралады. Кімде-кім допингті тұтынғаны анықталса – сөзсіз олар Олимпиадаға бармайды. Ол мәселеге қатты қарап отырмыз», - деді Серік Сәпиев.

Айта кетсек, дәл қазіргі уақытта Жапония астанасы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындары бойынша ұлттық құрама еншісінде әзірге 14 түрінен 25 лицензия бар.

Жоғары қарай