Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 377.09
EUR 407.37
RUB 5.93
CNY 53.95

Баландин Бейжіңдегі Champions Swim Series жарысының екінші кезеңіне қатысады

2020 жылдың 17 қаңтар 2020 00:41

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Дмитрий Баландин Қытай астанасында өтетін Халықаралық жүзу федерациясының (FINA) Champions Swim Series турнирінің екінші кезеңіне қатысады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталмыш шара қаңтардың 18-19 аралығында өтеді. Онда әлемнің 25 елінен келген 60 жүзгіш Champions Swim Series турнирінің 28 жеке және 2 командалық бәсекелерінде бақ сынайды.

Қазақстандық спортшы брасс әдісімен 100 және 200 метр ара қашықтыққа арналған жарыста өнер көрсетеді. Бейжіңнің Champions Swim Series кезеңінің жалпы сыйлық қоры 900 мың долларды құрайды. Бірінші орын алған адам 10 мың доллар, екінші орын 8 мың доллар, үшінші орын алған адам 6 мың доллар алады.

Осыған дейін Д.Баландин Шэньчжэньде (Оңтүстік Қытай) жүзуден өткен халықаралық жарыс сериясының бірінші кезеңінде екі «қола» жеңіп алған.

Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Шэньчжэньдегі жарыстан алған әсерлерімен бөліскен еді. Ол өзінің тап осы кездегі дене дайындығына сай жақсы жүзгенін айтты.

Дмитрий Қытайға келердің алдында 5 күн бұрын суық тигізіп алып, дене қызуы көтеріліп, дайындықты тек жарысқа қатысардың алдында ғана жасай алған.

«Енді жылдамдықты арттыруға тырысам, Шэньчжэньде біраз қалпыма келдім ғой, енді көреміз не болатынын»,-деп қосты ол.

«Champions Swim Series жарысы әлемнің мықты деген жүзгіштерімен бақ сынасып, жақсы тәжірибе жинау үшін керемет мүмкіндік. Бұл жарыстар бір жағынан маңызды, өйткені ол жүзу спортын айтарлықтай насихаттайды. Бұл осындай шоу. Екінші жағынан спортшылар мұнда материалдық жағдай үшін де қатысуға ұмтылып жатыр. Жалпы алғанда соңғы уақытта жүзуден коммерциялық жарыстардың көптеп ұйымдастырыла бастағаны қуантады», деді Д.Баландин.

Халықаралық жүзу федерациясы Champions Swim Series жарысын 2019 жылы бекітті. Бұл жарысқа Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары және рекордшылар сияқты ең үздік деген спортшылар өнер көрсетеді. FINA-ның қолдауымен жыл сайын осындай 2-3 жарыс өтеді. Өткен жылы жарыстар Гуанчжоу, Будапешт пен Индианаполисте өтті. Бұл жарыстардың финалистері мен қатысушыларына әлемдік рейтингте ұпай қосылады.


Руслан Сүлейменов


Перевод Айдар Оспаналиев
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай