Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қандай кемшіліктер бар

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 15:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасын жақсарту керек. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың жазғы демалыс орындарының сапалы және мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы тек кәсіпкерлерге ғана емес, тапсырыс беруші мекемелерге де байланысты. Кейінгі кезде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру конкурстарында кей мәселелер қолайсыздық туғызуда. Біріншіден, конкурсқа қатысқан лагерьлер бұрынғыдай инспекциялық сараптамадан өткізілмейді. Кейбір лагерьлердің тіптен балаларды жазғы демалысқа қабылдауға ешбір қауқары жоқ. Материалдық-техникалық базасы сын көтермейді, яғни толық мәзірі, азық-түлік сақтайтын қойма, тоңазытқыш, таза ауыз сумен қамтамасыз ету шараларында кемшілік бар. Балалардың жүйелі демалуына ешбір жоспардың жоқтығы жасырын емес. Егер ол талапқа сай болмаған жағдайда, конкурстың екінші кезеңіне өткізбеу қажет деп есептеймін. Себебі, балалардың демалысын дұрыс ұйымдастыру үшін техникалық және материалдық база санитарлық талаптарға сай болуы қажет», - деді сенатор Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, демалыс орындарының қашықтығы тапсырыс беруші мекеменің орналасқан жерінен 70 шақырымнан аспауы қажет деген талап қойылатын. Өйткені, балаларды тасымалдау барысында неше түрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан осы талапты конкурстық құжаттамаларға қайтадан енгізу қажеттігі сөзсіз.

«Тапсырыс беруші мекемелердің қойған бағасынан 20 пайыздан асатын жеңілдік берілмеуі керек. Себебі, бағаның төмендеуі балалардың демалысын ұйымдастыру сапасына кері әсер етеді», - деп түсіндірді Д. Нөкетаева.

Мысалы, бір мекемеде 10 күндік демалыстың бағасы - 130 мың теңге болса, екінші бір мекемеде - 30 мың теңге.

Оның айтуынша, бұрын лагерьлер қосымша білім беретін және мектептен тыс тәрбие беретін мекеме саналғандықтан, қосымша құн салығынан босатылған. Қазір де осы іспен айналысатын кәсіпкерлерді құн салығынан босатсақ, жолдама бағасы төмендеп, ата-ананың жолдама сатып алуына зор мүмкіндік туар еді және бұл кәсіпкерлерге де үлкен жеңілдік болады.

«Осыдан шамамен 10 жыл бұрын балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін лагерьлер қалалық және облыстық білім басқармаларынан лицензия алатын. Осы үрдісті қайта жандандыру дұрыс болады деп ойлаймын. Өйткені қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлер балалардың жазғы демалысьын ұйымдастыру барысында тәжірибесінің және материалдық, техникалық базасының жетіспеушілігіне қарамастан, лагерь ашуға ұмтылу арқылы оны тек табыс көзіне айналдыруда. Бұндай жағдай балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасының төмендеуіне әкеліп соғуда», - деді Динар Нөкетаева.

Жоғары қарай