Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 361.66
EUR 409.51
RUB 5.41
CNY 52.36

Бақытжан Сағынтаев неміс кәсіпкерлерімен кездесті

2018 жылдың 17 мамыр 2018 19:06 581

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Астана экономикалық форумын өткізу аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Германия экономикасының Шығыс комитетінің төрағасы Манфред Грундкемен және неміс компанияларының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

Кездесу барысында Германиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде экспорттық-импорттық операцияларды ұлғайту, жеткізілетін тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейту және екі мемлекеттің бизнес орталары арасында тікелей байланыстар орнату мәселелері талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев Германия еліміздің Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі екенін және Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының әлеуетін, Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің және Шикізат, өнеркәсіптік және технологиялық салалардағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімнің әлеуетін барынша пайдаланған жөн, деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Неміс компаниялары жұмыс істейтін және белсенді түрде өз капиталдарын салатын негізгі салалар - құрылыс, сауда, өнеркәсіптік өндіріс, кен орындарын игеру, ал перспективалы бағыттар ретінде энергетика, химия және туризм саласы аталып өтті.

Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ белсенді жұмыс істейді, олардың аясында инвесторлар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қолдау алады. Осыған байланысты Германияның іскерлік орталары еліміздегі индустрияландыру процесіне, цифрлық және көліктік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға, Индустрия 4.0 технологиялары мен құзыреттерін жүзеге асыруға, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысуға шақырту алды.

 

Анықтама: Қазақстан мен Германия арасындағы сыртқы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында $338,5 млн құрады, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 54,5%-ке ($219,1 млн) ұлғайған. 2017 жылы тауар айналымы $1,9 млрд құрады (экспорт - $418,2 млн, импорт - $1,5 млрд), ал 2016 жылы тауар айналымы $1,7 млрд құрады (экспорт - $262 млн, импорт - $1,44 млрд).

 

 

Жоғары қарай