Ауа райы
Нұр-Сұлтан 21 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Азия чемпионаты: Жамбы атудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды

2019 жылдың 20 сәуір 2019 01:25 881

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық ат спортынан өтіп жатқан І Азия чемпионатында жамбы атудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мәлім еткендей, жамбы ату сайысына 7 мемлекеттен келген 12 мерген сынға түсті.

Атап айтар болсақ, Қазақстаннан - 3, Моңғолиядан - 3, Мажарстаннан- 2, Ресейден - 1, Өзбекстаннан - 1, Малайзиядан - 1, Түркиядан - 1 спортшы бақ сынады.

Азиялық жамбы ату сайысы азиялық стиль, түрік стилі және қазақтың ежелгі жамбы ату өнері бойынша үш кезеңнен тұрды.

Алғашқы азиялық стильмен нысана көздеуде отандасымыз Айкөз Ералханға тең келер ешкім болған жоқ. Ол 27,1 ұпай еншіледі. Екінші орынға 26,94 ұпаймен моңғолиялық спортшы Түмэнбайыр Отгонбайыр ие болса, үздік үшінші орынға 26,69 ұпай еншілеген тағы бір Моңғолия мергені Күслэн Чулуунбаатар жайғасты.

Ал түрік стилінде жерлесіміз Бақдәулет Бабажан 55,28 ұпаймен көш бастаса, екінші орынды азиялық стильде топ жарған жерлесіміз Айкөз Ералхан 48,88 ұпаймен жеңіп алды. Ал алғашқы үштікті мажастанның жас мергені Золт Лизиска 38,85 ұпаймен қорытындылады.

Соңғы жамбы қазақтың ежелгі жамбы ату сайысынан отандасымыз Бақдәулет Бабажанға ешкім тең келген жоқ (53,28 ұпай). Екінші орынға моңғолиялық мерген Түменбайыр Отгонбайыр (30 ұпай) ие болса, үшінші орынға мажарстандық мерген Золт Лизиска (28,3 ұпай) ие болды.

Осылайша жамбы ату сайысының жеңімпаздары жоғарыда аталған үш түрлі стильдің жалпы ұпайлары бірге есептеліп, ең көп ұпай жинаған мерген жеңімпаз атанады.

Сонымен жалпы есеп қорытындысы бойынша бас жүлдені (1-тур - 24,03; 2-тур - 55,28; 3-тур - 53,28) 164,62 ұпай еншілеген жерлесіміз Бақдәулет Бабажан қанжығасына байлады. Екінші орынға (1-тур - 27,1; 2-тур - 48,88; 3-тур - 17,19) 118,27 ұпай еншілеген тағы бір отандасымыз Айкөз Ералхан ие болса, үздік үшінші орынға (1-тур - 26,94; 2-тур - 33,66; 3-тур - 30) 117,57 ұпай еншілеген Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласынан келген мерген Түмэнбайыр Отгонбайыр ие болды. Енді, жеңімпаздар мен жүлдегерлер 21 сәуір күні марапатталады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін теңге ілу сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жариялаған болатынбыз.

Жастар жылына орай ұйымдастырылып жатқан біріншіліктің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды. Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырып жатыр. Аталған додаға Азияның 10 елінен спортшылар қатысуда. Олар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынап жатыр.

Автор: Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт, Алматы,
Жоғары қарай