Ауа райы
Нұр-Сұлтан 6 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Азия чемпионаты: Теңге ілу сайысының жеңімпаздары анықталды

2019 жылдың 19 сәуір 2019 12:03 704

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық ат спортынан өтіп жатқан І Азия чемпионатында теңге ілу сайысының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мәлім еткендей,  теңге ілу сайысы бойынша 7 мемлекеттің жеткіншектері жүлделі орындарды сарапқа салды.

Теңге ілу сайысында Қазақстаннан Нұрхан Елжанов, Ғалымжан Ізжанов бастаған 2 жігітіміз ел намысын қорғаса, Моңғолиядан - 3, Ауғанстаннан - 3, Қытайдан - 2, Өзбекстаннан - 3, Ресейден - 3, Тәжікстаннан - 3, барлығы 19 спортшы бақ сынады. 19 спортшы үш кезең бойынша бақ сынады.

Алғашқы айналымда 8 спортшы өздерінің ептілігімен көзге түсіп, келесі кезеңге жолдама алды. Ал екінші айналымнан кейін теңге ілу алаңында қазақстандық екі ойыншы, моңғолиялық екі ойыншы және қытайлық бір ойыншы қалды.

Шешуші сында Қытайда тұратын қандасымыз Нұрболат Тәліпбайұлы 5-орын алса, баян-өлгейлік Жеңісбек Серік пен Айболат Ұнат 3 және 4-орындарды иеленді.

Бас жүлдені отандасымыз Ғалымжан Ізжанов қанжығасына байласа, екінші орынға тағы бір жерлесіміз Нұрхан Елжанов қол жеткізді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 сәуір күні өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, жастар жылына орай ұйымдастырылып жатқан біріншіліктің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды.  Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырып жатыр. Аталған додаға Азияның 10 елінен спортшылар қатысуда. Олар  көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынайды. Жарыс 21 сәуір күні өз мәресіне жетеді.

 

 

Автор: Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай