Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Азия чемпионаты: Аударыспақтан кіл мықтылар анықталды

2019 жылдың 20 сәуір 2019 17:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық ат спортынан өтіп жатқан І Азия чемпионатында аударыспақтан кіл мықтылар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мәлім еткендей, аударыспақ сайысында 5 салмақ дәрежесі бойынша (50 кг, 60 кг, 70 кг, 80 кг, 80+ кг) 8 мемлекеттен келген 27 спортшы жүлделі орындарды сарапқа салды.

Аталған сында Қазақстан, Моңғолия, Ресей елдерінен бес-бестен спортшы қатысса, Қытай, Өзбекстан және Ауғанстаннан үш-үштен білекті жігіттер сынға түсті. Ал Тәжікстан намысын 2 спортшы қорғап, Венгрия елінен жалғыз спортшы сайысқа түсті. Аса тартысты өткен сайыста 50 келі салмақта бас жүлдені жерлесіміз Аманжол Нұрбек қанжығасына байласа, екінші орынды Ауғанстаннан келген қонағымыз Карими Масоуд жеңіп алды. Ал үздік үштікті ресейлік Акчалов Миржан түйіндеді.

60 келі салмақта да жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Бас жүлде Құралбай Ермекке бұйырды, екінші орынға моңғолиялық Мағай Айтхабыл қол жеткізді. Үшінші орын ауғанстандық Ансари Абдулжалилге бұйырды. 70 келі салмақта қазақстандық Иманғазыұлы Нармағанбетке тең келер ешкім болған жоқ. Екінші орынды өзбекстандық Солиев Мирзохид жеңіп алса, үшінші орынға Ауғанстаннан келген тағы бір спортшы Сафари Нуртаза ие болды.

80 келі салмақтың бас жүлдесін жерлесіміз Ағабек Ғабит жеңіп алды. Өзбекстандық Кувондиков Суннатилла екінші, моңғолиялық Елік Өмірбек үшінші орынға ие болды. Өкінішке қарай, 80 келіден жоғары салмақтың бас жүлдесіне таласқан жерлесіміз Жаналин Әділжан үшінші орынды місе тұтты. Бас жүлде Моңғолиядан келген қандасымызға бұйырса, екінші орынды тәжікстандық Эгембердиев Сирогиддин иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін теңге ілу мен жамбы ату сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жариялаған болатынбыз.

Жастар жылына орай ұйымдастырылған біріншіліктің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды. Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы өткізіп отыр. Аталған додаға Азияның 10 елінен спортшылар қатысуда. Олар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынайды. Жарыс 21 сәуір күні өз мәресіне жетеді.

Автор Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай