Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

«Азаматтарға арналған үкіметте» кадрлық ауыс-түйістер болды

2019 жылдың 2 мамыр 2019 13:06 741

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылық құрамында бірқатар өзгерістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқарма төрайымының кеңесшісі болып Ғалым Әбиболлаұлы Қарқынбаев тағайындалды. Бұған дейін ол мемлекеттік корпорацияның Алматы қалалық филиалын басқарған. 


Мемлекеттік корпорацияның Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталық филиалдың директоры қызметіне Асқар Есенұлы Мұсан тағайындалды.


Асқар Мұсан 1982 жылы туған. 1998 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ («Әлеуметтік салалардағы менеджмент» мамандығы), 2008 жылы Халықаралық бизнес академиясын («Корпоративтік менеджмент» мамандығы) тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ экономика департаментінің бас маманы болып бастаған. 2008-2011 жж. аралығында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ экономика және қаржы басқармасының бастығы болды. 2011-2014 жылдары жеке секторда кәсіпкерлік жұмыспен айналысты. Кейін «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Қазына бизнес сервис» ЖШС-де түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2017 жылдан бері «Зерде» АҚ басқарушы директор, жобалау офисының директоры, кеңесші, басқарма төрағасының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді. 

Сондай-ақ 2018 жылдың қыркүйегінен бастап шетелде білім алуына байланысты демалыс алған Дастан Темірәлиұлы Жантелиев мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымының орынбасары қызметіне қайта оралды. Дастан Жантелиев мемлекеттік корпорацияның жер кадастры және жылжымайтын мүлік салаларындағы қызметіне жауап береді.


Таяу арада ҚР Әділет министрлігінен «Азаматтарға арналған үкімет» құзырына заңды тұлғаларды тіркеу қызметінің берілуіне байланысты, басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева Дастан Жантелиевке ауыс-түйіс жұмыстарының барысын бақылауға алып, тиянақты атқарылуын қадағалауды тапсырды.

 

 

 

 

Жоғары қарай