Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

«Аймақты әнмен тербетіп»: Ақтөбеде республикалық өнер мерекесі өтті

2019 жылдың 17 тамыз 2019 11:13

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Ырғыз ауданында дәстүрлі өнер фестивалі өтіп жатыр. Оған еліміздің әр өңірінен 23 өнерпаз қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1845 жылы 11 қыркүйекте Ырғыз бекінісінің ашылған күні. Аталған өнер мерекесі де Ырғыздың туған күні қарсаңында тойланады. Ал дәстүрлі «Аймақты әнмен тербетіп» атты республикалық өнер мерекесі 1997 жылдан бері аймақтағы талантты жастардың басын қосып келеді. Дәстүрлі өнер фестиваліне қатысушыларды Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Ақалмас Тұртаев, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев қатысып, құттықтады.

«Өнер мерекесінде лебізін білдіргендер «Аймақты әнмен тербетіп…» өңір тұрғындарының сағына күтетін думаны және жыл сайын тамызда өтетін өңірдегі ірі мәдени жобалардың бірі деп атап өтті. Жаһандану үдерісіне Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай «…өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз». Осы орайда, қазақ халқының дәстүрлі музыкасы, соның ішінде дәстүрлі ән өнерінің дамуына бағытталған осы байқаудың маңызы зор. Қасиетті Ырғыз жерінде ұйымдастырылған байқау – барлық өңірлерге ортақ өнер мерекесі. Себебі, бұған дейін аймақтық деңгейде өткізілген байқау 2018 жылдан бері республикалық деңгейге көтерілді. Өнер мерекесінің жастарға рухани тәрбие беруге, өңірлердегі өнерлі таланттарды шыңдауға үлкен ықпалы тиетіндігін жəне өнегесі мол шара», - деді Халық шығармашылығы үйінің баспасөз жетекшісі Гүлнәр Сейталина.

Биыл «Аймақты әнмен тербетіп» байқауы жиырма үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Екі күнге созылған өнер мерекесіне Ақтөбе облысынан басқа Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Қостанайдан өнерпаздар келді. Олар дәстүрлі және эстрадалық ән номинациясы бойынша үздіктерін анықтады. Дәстүрлі ән аталымы бойынша қызылордалық Малика Алдамжарова, ал эстрадалық әнде Ақтөбе облысы, Қобда ауданынан келген Нұржан Әбжан жеңімаз атанды.

















Жоғары қарай