Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Әйелдің репродуктивті денсаулығын бала кезінен қолға алу керек - дәрігер

2019 жылдың 7 сәуір 2019 14:45

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 7 сәуір - Бүкіләлемдік денсаулық күні. Әлемдегі адамға баға жетпес байлық, ең тиімді инвестиция - денсаулық. Ал жекелеген ұлт пен этностардың, мемлекеттердің деңгейінде сөйлейтін болсақ, дені сау ұрпақ - мемлекет үшін ең басты байлық. Ұлт саулығы өмірде ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын әйелдердің денсаулығына тікелей байланысты екендігі белгілі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, Ақжар шағын ауданындағы №27 қалалық емхананың бас дәрігері Жанна Иманбековамен сұхбаттасқан еді.

- Әйел саулығы - ұрпақ саулығы. Ғасырлар бұрын аналарымыздың басым бөлігі алтын құрсақты ана болған. Қазір ше? Бүгінгі әйел денсаулығын қалай бағалайсыз?

- Соңғы кездері бұл күрделі мәселеге айналып отыр. Неге дейсіз ғой? Біз мәселені түбірінен қарамаймыз. Әйел денсаулығы дегенді біз тереңінен түсінуіміз керек. Яғни, кішкентай қыз бала да, жасөспірім қыз да, бойжеткеннің де осы мәселеге қатысы бар. Бұл дегеніміз, әйелдің репродуктивті денсаулығын бала кезінен қолға алу керек деген сөз. Жыныстық қатынастың ерте басталуы, аз қимылды өмір салты, дұрыс тамақтанбау бүгінгі күннің басты мәселесі. Сондықтан, әйелдер аурулардың алдын алу және денсаулығын сақтау бойынша шаралары бала кезінен бастау керек, сонымен қатар осы мәселеге жасөспірім жасында, яғни жыныстық жетілу кезінде, ерекше назар аударған дұрыс. Онымен қоймай ғаламторда бүкіл ақпараттың қол жетімділігі де балалардың психологиясына кері әсер беруде. Міне, осындай олқылықтарымыздың кесірінен жасанды түсік тастау, түрлі жыныстық инфекциялардан кейін, бедеулік деген сияқты орны толмас қателікке ұласуы өте жиі кездесіп отыр.

- Көбінесе әйелдер қандай проблемалармен келеді? Қандай аурулар белең алып барады?

- Алдында айтып кеткенімдей, қазір әйелдер көбінесе бедеулік мәселесімен көп келеді. Сонымен қатар, жыныс жолдары арқылы жұқтырылатын инфекциялар соз, хламидиоз, мерез, трихомониаз, гениталдық ұшық, айта берсеңіз өте көп... Бұл аурулардың бәрі созылмалы түрге ауысып кетсе, адам денсаулығына айтарлықтай кесірін тигізеді. Біздің менталитетіміз бе, жастар қандай да бір ауруды жұқтырған кезде дәрігерге қаралуға ұялады не болмаса қорқады. Өзін-өзі емдеумен айналысады, не болмаса мүлде емделмейді. Солай жылдар бойы инфекция ағзада тұрақтанып алады. Кейбірі емді үнемі аяқсыз қалдыруының салдарынан ешқандай антибактериалды дәрі-дәрмектер көмектеспейтіндей жағдайға жетеді. Жыныс жолы инфекцияларының көбісі бала көтеру органдарын зақымдайды, мұның бәрі айтып кеткен бедеулік, импотенция, жатырдан тыс жүктілік, түсік сияқты ауруларды туындатады. Қуантатыны, медицина қазір бір орында тұрған жоқ. Дер кезінде тексеріліп емдік шараларын қабылдаса, аурудың алдын-алуға әбден болады.

- Адамдар арасында ауырмайтын жол іздеуге бағыттайтын профилактикалық медицина қалыптасып келе ме?

- Бұл бағытта жасалып жатқан шаралар аз емес. Соның бір мысалы, 36 қалалық емханасының базасында ашылған Жастар орталығы. Ол жерде дәрігерлер, психологтар, гинекологтар, әлеуметтік жұмыскерлер қызмет етеді. Орталықтың басты мақсаты, жастарға кез-келген уақытта психологиялық не дәрігерлік көмек көрсету. Мұның бәрі анаонимді түрде жүргізіледі. Орталыққа тіпті кіретін есікті де бөлек салған. ЮНИСЕФ және Халықаралық ұйымдардың көмегімен ашылған бұл орталық қиын мәселелерге тап болға жасөспірімдерді анықтап оларға дер кезінде көмектесумен айналысып келеді. Кез-келген отбасында мұндай жағдайды қабылдай бермейді. Қазіргі таңда суицидтің көбейуінің бірден-бір себебі де сол.



null

- Қазір күрделі онкологиялық аурулардың ахуалы қандай? Диагностика жақсарып келе ме?

- Онкологиялық аурулардың таралу көрсеткішінің артуы көбінесе демографиялық қартаюға, көптеген елдердің тұрғындары арасында қарт кісілердің санының өсуіне байланысты. Жас мөлшері - қатерлі ісіктің даму қаупінің маңызды факторларының бірі. Бұған қоса, ауруды диагностикалау әдістері дамып келе жатыр, олар ракты тиімді түрде анықтауға көмектеседі, сол себепті осы аурудың анықталу фактілері артып жатыр.

Қауіптің жекелеген факторлары онкологиялық аурулардың нақты формаларымен байланысты. Мысалы, аз қозғалу, алкогольді мөлшерсіз пайдалану колоректальді рактың даму қаупін арттырады. Ал, шылым шегу мен ауаның ластануы өкпенің қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, ауруды азайтуға әкімшілік шаралар, оның ішінде темекі өнімдерін сатуды шектеу және дұрыс тамақтану туралы ақпаратты тарату тәрізді шаралар көмектеседі.

- Жүктілікке дайындық қалай жүзеге асады? Әйелдер арасында дәрігердің берген дәрумендерін қабылдамай, халықтық медицинамен емделетіндер көп. Оларға қандай кеңес бересіз?

- Салауатты өмір салтының негіздері: үйлесімді тамақтану, белсенді өмір сүру, қалыпты ұйқы, психикалық денсаулық. Тіптен мұндай жағдай болса да, әркім өз денсаулығына көңіл бөле бермейді. Көпшілік жағдай әбден нашарлағанда ғана ойлана бастайды... Дегенмен, мұның алдын алуға, кемінде ұзақ жылдарға кейінге шегіндіруге мүмкіндік бар ғой.

Денсаулықты сақтау ұзақ та сапалы өмір сүруге көмектеседі! Тереңге үңілер болсақ, алдын алу емдеуден де әлдеқайда тиімдірек (медицинаның тек белгілерді басып, асқынған жағдайларды жеңілдете алатыны белгілі), сонымен бірге көптеген елдерде арзан! Өз тамақтану дағдыңды қайта қарап, дұрыс тамақтануға көшу қиын ба?... Аптасына бірнеше мәрте дене шынықтырумен айналысу (үйде 15 минут жаттығу жасау), өзіңмен жұмыс істеп, жаман әдеттерден арылу (немесе азайту) күрделі ме?... Барлық органдар мен жүйелердің дұрыс жұмыс істеуі үщін ағзаны дәрумендермен байыту қиын ба?... Бастапқыда қиын болып көрінгенімен, кейін сізге өте жеңіл болады. Достар, өз денсаулығыңызды күтуге, демек сапалы өмірге алғашқы қадамды бүгін жасаңыз! Сіз бұл таңдауды жасай аласыз, бүгінде мұны жүзеге асыруға көмектесетін көптеген ыңғайлы әрі қолжетімді заттар бар.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Медицина, Алматы,
Жоғары қарай